Түркістандағы агродрон зауыты жылына 500 дрон шығаруға қауқарлы

0
58

Түркістан облысында ауыл шаруашылығын цифрландыруға бағытталған жаңа өндірістік жоба іске қосылды. Өңірде өндірістік парктер құру, жаңа зауыттар ашу және инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде өндіріс орындарының саны артып, аймақ экономикасын әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туып отыр.

Осы бастамалар аясында Түркістан қаласында ауыл шаруашылығына арналған ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастыратын «Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС өз жұмысын бастады. Кәсіпорын агросаланы цифрландыруға бағытталған заманауи технологияларды енгізу арқылы ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруды көздейді.

Зауытта өндірілетін агродрондар егістік алқаптарына дәрі себуге арналған. Бір құрылғы 70 литрге дейін сұйықтық көтеріп, шамамен 5 гектар жерді өңдей алады. Дрондардың құны шамамен 20 мың АҚШ долларын құрайды. Өнімдер сатылымға да, жалға беруге де ұсынылады.

Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 500 дана дрон шығаруға жетеді. Қазіргі уақытта өндіріс үшін қажетті бөлшектер Қытайдан жеткізілуде. Алдағы уақытта компания жергілікті нарықтан қосалқы бөлшектерді сатып алу мүмкіндігін қарастыруда.

Компания 2019 жылы Қытайда құрылған, ал 2025 жылдан бастап Қазақстан нарығына шыққан. Қысқа уақыт ішінде кәсіпорынға 20-ға жуық тапсырыс түскен. Сонымен қатар компания келешекте өрт сөндіру және жүк тасымалдауға арналған жаңа үлгідегі дрондарды шығаруды жоспарлап отыр.

Бүгінде зауытта 4 маман жұмыс істейді. Бір дронды құрастыруға шамамен үш сағат уақыт жұмсалады. Өндіріс көлемі мен тапсырыс саны артқан жағдайда жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

«Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Бекжан Бисенбаевтың айтуынша, агродрондарды енгізу ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттырып, өндіріс тиімділігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Жобаның іске қосылуы Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізеді. Атап айтқанда, жаңа технологиялардың енгізілуі ауыл шаруашылығы саласының тиімділігін арттырып, өнім сапасын жақсартуға ықпал етеді. Сонымен қатар, жаңа өндіріс орындарының ашылуы жергілікті халықты жұмыспен қамту деңгейін көтеріп, өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Инвестиция тарту және өндірістік инфрақұрылымды дамыту арқылы өңірдің экономикалық белсенділігі артып, экспорттық әлеуеті күшейе түспек.

Айта кетейік, қазіргі таңда Сауран ауданы Шаға елді мекеніндегі өндірістік парк аумағында 19 зауыт жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін тағы 2 кәсіпорын іске қосу жоспарланған.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу