Түркістан: Арыста «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды

Түркістан облысы, Арыс қаласындағы С.Қожанов атындағы мектепте жаңа оқу жылы қарсаңында «Заң мен тәртіп» идеологиясын қалыптастыру, оқушыларды құқықтық сауаттылыққа, тәртіп пен Отанға деген сүйіспеншілікке баулуға бағытталған «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды. Ерекше жоба аясында сыныпқа осы мектептің түлегі, ішкі істер органдарының ардагері, Арыс қаласының Құрметті азаматы Пайзулла Сейітханұлы Абдуллаевтың есімі берілді.
Салтанатты іс-шараға Түркістан облысы полиция департаментінің өкілдері мен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев қатысты. Басқарма бастығы Мақсат Асқаров бұл бастаманың жас ұрпақ тәрбиесінде ерекше мәнге ие екенін айтып, мектеп ұжымына, ата-аналар мен оқушыларға полиция департаменті атынан алғыс хаттар табыстады.
Ардагердің өмір жолын еске алған туыстары мен замандастары жастарды батырлық пен әділеттілікке үндеп, оның өнегелі ғұмырынан үлгі алуға шақырды.
Арыс қаласындағы бұл екінші «Жас сақшы» сыныбы болып отыр. Жоба аясында оқушылар құқықтық тәрбие мен патриотизмге бағытталған арнаулы бағдарламамен оқытылып, тәртіп сақшысы болуға қызығушылықтары артады.






