Түркістан: Құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған профилактикалық шаралар қарқынды жүргізілуде

0
78

Түркістан облысында азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, адам құқықтарын қорғау және қоғамдағы қауіп-қатерлердің алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Құқық қорғау органдары интернет-алаяқтыққа қарсы іс-шаралар өткізіп, нашақорлықпен күресуді күшейтіп, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында белсенді шаралар атқаруда. Осы жұмыстар арқылы облыста қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп келеді.

Осы орайда  Түркістан облысы, Шардара ауданында «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 1 қыркүйек пен 1 қараша аралығында «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Іс-шара аясында учаскелік полиция инспекторлары азаматтармен тығыз байланыс орнатып, құқық бұзушылықтардың, соның ішінде алаяқтық пен есірткі қылмыстарының алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Полиция капитаны М. Сахов тұрғын үйлерді аралап, әр үй иесіне тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдары мен құқықтық жауапкершілік туралы ақпарат берді. Сонымен қатар азаматтардың сұрақтары мен талап-тілектері тыңдалып, өзекті мәселелер бойынша кері байланыс орнатылды.

Мұндай шаралар полиция мен халық арасындағы сенімді арттырып, құқық бұзушылықтың алдын алуға ықпал етпек. «Учаске» акциясы алдағы уақытта да жалғасын тауып, қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталады.

Одан бөлек, Шардара ауданында  интернет-алаяқтықты алдын алу, нашақорлықпен күрес және отбасылық зорлық-зомбылықты болдырмау мақсатында полицейлер профилактикалық жұмыстарды күшейтті. Тәртіп сақшылары, прокуратура қызметкерлері және еріктілер бірлесіп, аудан тұрғындарына түсіндірме жүргізді.

Іс-шара барысында халық киберқауіптер туралы хабардар етіліп, өз құқықтарын білуге, интернет-алаяқтардың әдістерін тануға және балалар мен ересектерді цифрлық алаяқтықтан қорғауға үйретілді. Тұрғындарға интернет-алаяқтықтың түрлері, оны анықтау жолдары, жеке деректерді қорғау және онлайн қауіпсіздік негіздері түсіндірілді. Нақты мысалдар арқылы алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдері көрсетіліп, алдын алу әдістері ұсынылды.

Мамандар құқықтық сауаттылықты арттыру азаматтарды алаяқтықтан сақтап, заңға құрметті нығайтады деп атап өтті. Шара соңында қатысушыларға арнайы құқықтық жадынамалар мен бейнематериалдар таратылып, онлайн қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кеңестер берілді.

Қазіргі таңда жедел профилактикалық іс-шараны ұйымдастырудың нәтижесінде жастар киберқаіпсіздік жайлы ақпаратқа қанықты. Мәселен, полиция қызметкерлер облысқа қарасты аудан-қалаларды аралап, білім беру мекемелерінде интернет алаяқтық қылмыстарының алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Шардара ауданында полицейлер интернет алаяқтықтың түрлері, кең таралған әдістері (фишинг, жалған сілтемелер, әлеуметтік желі арқылы алдау және т.б.) жөнінде толық ақпарат беріп, жеке деректердің қауіпсіздігін сақтау, интернеттегі сақтық шаралары туралы кеңестер ұсынды.

Сонымен қатар интернет алаяқтықтың құрбаны болған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгіну тәртібін түсіндірді. Киберқауіпсіздік пайдасы және интернеттегі алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақырған бұл шарада жастар қажетті мәліметті толық ала білді.
Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу