ОТЫРАРДЫҢ БІЛІМ ШЕЖІРЕСІ: ҰСТАЗДАН БАСТАЛҒАН ҰЛТ БОЛАШАҒЫ

Отырар ауданы білім бөлімінің басшысы Құдайберген Шербаевпен сұхбат
– Құдайберген Құрманбекұлы, Отырар өңірінің білім саласы соңғы жылдары қандай нәтижелерге қол жеткізді?
– Отырар – білім мен ғылымның алтын бесігі. Әл-Фарабидей ұлы ойшыл дүниеге келген қасиетті өлкеде білім саласын дамыту – үлкен жауапкершілік. Бүгінде ауданымызда 40 жалпы орта мектеп пен 32 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Жалпы білім беру ұйымдарында 2297 педагог еңбек етеді. Олардың ішінде жоғары біліктілік санатына ие ұстаздардың үлесі 78,5 пайызды құрайды. Бұл білім сапасын арттыруға ықпал етіп отырған маңызды көрсеткіштердің бірі.
– Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Соңғы жылдары білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. Барлық мектептер мен балабақшалар бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған. Мемлекеттік қызметтер толықтай автоматтандырылып, мектепке қабылдау, балабақшаға кезекке қою және педагогтерді аттестаттау процестері электронды форматта жүргізілуде. Сонымен қатар білім ұйымдары жаңа оқулықтармен, оқу-әдістемелік құралдармен және көркем әдебиеттермен толық қамтамасыз етілді.
– Оқушыларды әлеуметтік қолдау мәселесі қалай шешілуде?
– Балалардың сапалы білім алуымен қатар әлеуметтік қорғалуы да басты назарда. Биыл 1-4-сынып оқушылары толықтай тегін ыстық тамақпен қамтылды. «Мектепке жол» акциясы аясында 734 оқушыға қажетті оқу құралдары мен киім-кешек берілді. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға тұрақты қолдау көрсетілуде.
– Ұлттық бірыңғай тестілеу мен білім сапасының көрсеткіштері қандай деңгейде?
– 2024-2025 оқу жылында 11-сыныпты 853 түлек аяқтады. Оның ішінде 88 оқушы «Алтын белгі», 49 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. ҰБТ нәтижесінде 412 түлек мемлекеттік грант жеңіп алды. Бұдан бөлек, 14 оқушы «Серпін» бағдарламасы бойынша жоғары оқу орындарына жолдама алды. Бұл – ұстаздар мен ата-аналардың бірлескен еңбегінің нәтижесі.
– Оқушылардың олимпиадалар мен республикалық байқаулардағы жетістіктеріне тоқталсаңыз.
– Биыл аудан оқушылары түрлі деңгейдегі білім додаларында жоғары нәтижелер көрсетті. Облыстық кезеңде 114 оқушы олимпиада жүлдегері атанса, республикалық кезеңде 13 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Ауыл олимпиадасында 6 оқушымыз республика деңгейінде жеңімпаз атанды. «IQanat» олимпиадасында оқушыларымыз білім гранттары мен жартылай гранттарды жеңіп алды. Бұл – аудан мектептеріндегі жүйелі дайындықтың жемісі.
– Тәрбие жұмыстарының басым бағыттары қандай?
– Біздің басты мақсатымыз – білімді ғана емес, тәрбиелі ұрпақ қалыптастыру. Осы бағытта барлық білім ұйымдарында «Адал азамат» тәрбиелік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оқушылар арасында құқықбұзушылықтың, экстремизм мен терроризм идеологиясының алдын алу бағытында тұрақты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге, толеранттылық пен патриотизмді қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде.
– Ғылыми-әдістемелік жұмыстар туралы не айтасыз?
– Биыл ауданымызда бірнеше маңызды ғылыми іс-шара өтті. Әл-Фараби мұрасын насихаттауға арналған жобалар жүзеге асырылып келеді. Сонымен бірге профессор Ұлжалғас Есназарованың қатысуымен «Отырар ауданының географиясы және өлкетану» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Мұндай жұмыстар білім сапасын арттыруға және мұғалімдердің кәсіби дамуына оң әсерін тигізеді.
– Қазіргі таңда ғылым мен жоғары білімді дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ғылымды дамыту мен ғылыми жетістіктерді насихаттауға ерекше көңіл бөлінуде. Ауданда ғылымды танымал ету, отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін халық арасында кеңінен насихаттау, жас ғалымдар мен зерттеушілерді қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар жоғары білім беру ұйымдарының әлеуетін арттыру, өңірлік жоғары оқу орындарын дамыту және ғылым саласында жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты күшейту маңызды міндеттердің бірі болып отыр.
Осы бағыттағы бастамалар жастардың ғылымға қызығушылығын арттырып қана қоймай, өңірдің ғылыми-инновациялық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді. Болашақта ғылым мен білімнің сабақтастығын күшейту арқылы бәсекеге қабілетті, зияткер ұрпақ қалыптастыруға басымдық берілетін болады.
– Алдағы уақыттағы негізгі міндеттеріңіз қандай?
– Алдымыздағы басты міндет – сапалы білім мен саналы тәрбиені қатар дамыту. Біз заманауи технологияларды енгізу, педагогтердің кәсіби деңгейін көтеру, дарынды балаларды қолдау және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру жұмыстарын жалғастырамыз. Өйткені ел болашағы – білімді, бәсекеге қабілетті әрі ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген жас ұрпақтың қолында.
– Сұхбатыңызға рақмет!
– Рақмет. Барша ұстаздарға шығармашылық табыс, оқушыларымызға биік белестер тілеймін.






