Түркістан облысында өндіріс дамып, жұмыспен қамту шаралары күшейтілуде

0
40

Түркістан облысы аумағында соңғы жылдары өндіріс орындары мен жаңа зауыттардың ашылуы қарқын алып келеді. Бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасап отыр. Әсіресе өнеркәсіп, өңдеу саласы және шағын-орта бизнес бағыттарында жаңа жобалар іске қосылып, инвестициялық белсенділік артып келеді.

Жаңа кәсіпорындардың іске қосылуымен бірге жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмысқа орналастыру жұмыстары да қатар жүргізілуде. Осы бағытта жауапты басқармалар, аудан және қала әкімдіктері, сондай-ақ «Мансап» орталықтары өзара үйлесімді жұмыс істеуі қажет. Азаматтарға бос жұмыс орындары туралы кеңінен ақпарат беру, кәсіпорындарға экскурсиялар ұйымдастыру және жұмысқа орналасу тетіктерін түсіндіру – басты міндеттердің бірі болып отыр. Мұндай шаралар халықтың еңбек нарығына бейімделуін жеңілдетіп, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етеді.

Өңір экономикасының дамуына ықпал ететін тағы бір маңызды бағыт – кәсіпорындардағы еңбек қатынастарының заңдылығын қамтамасыз ету. Соның ішінде зейнетақы аударымдарының уақытылы және тұрақты жүргізілуін қадағалау ерекше назарда. Сонымен қатар электронды еңбек шарттарын енгізу және жүйелеу, міндетті зейнетақы жарналарының толық аударылуын бақылау, сондай-ақ жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарының орындалуын қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілуі тиіс. Бұл еңбеккерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттырады.

Облыстағы бұл жұмыстарды жүйелеу және бақылауды күшейту жөнінде тапсырма берген Нұралхан Көшеров өңірдегі еңбек нарығын тиімді басқару мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуді негізгі басымдықтардың бірі ретінде атап өтті.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында өндірістің дамуы мен әлеуметтік қолдау шаралары қатар жүріп, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталуда.

Өңірде еңбек қатынастарын заңдастыру, әлеуметтік төлемдердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде электронды еңбек шарттарын тіркеу бойынша жоспарланған 11509 адамның 8485-імен еңбек шарттары электронды форматта рәсімделді. Бұл жұмыстарға 2964 мекеме қатысып, көрсеткіштерді арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Міндетті зейнетақы жарналарын аудару бойынша да оң динамика қалыптасты. Бүгінде облыс көлемінде 9 743 мекеме 47 431 азамат үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған. Бұл азаматтардың әлеуметтік қорғалуын күшейтіп, болашақ зейнетақы жүйесіне қатысуын қамтамасыз етеді.

Еңбек қауіпсіздігін сақтау мақсатында жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жұмыстарын жүргізу жалғасуда. Қазіргі таңда 308 мекемеде сақтандыру шарттары рәсімделген. Жастарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударылуда. Облыста тіркелген жұмыссыздар арасынан анықталған NEET санатындағы жастармен жұмыстар жүргізілуде.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу