Заң мен тәртіп: Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!

Қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – отбасындағы зорлық-зомбылық. Бұл тек жеке бір отбасының емес, тұтас қоғамның мәселесі. Өкінішке қарай, көптеген жағдайда зардап шеккендер – әсіресе әйелдер мен балалар – қоғамдық қысымнан немесе ұят пен қорқыныштан шағымдануға батылдық жасай алмайды.
Осыған байланысты Түркістан облысында құқық қорғау органдары, жергілікті атқарушы органдар және үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп, зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмыстарды жүргізуде. Әсіресе, әйелдер мен қыздардың құқықтық сауатын арттыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық көмектер мен психологиялық қолдау көрсету – басты назарда.
Бүгінде әйелдер халықтың жартысынан көбін құрайды, бұл елдің экономикалық дамуы үшін айрықша маңызды. Әйелдер – қоғамның тең құқылы мүшелері ғана емес, ел дамуының қозғаушы күші. Елімізде әйелдер бизнес бастамаларды табысты жүзеге асырып, мемлекеттік басқару саласында, Парламент пен мәслихаттарда, халықаралық аренада ел атынан сөз сөйлеп, ел мүддесін қорғап келеді. Бұл – мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан гендерлік саясаттың тиімділігін дәлелдейді.
Түсіндіру жұмыстары арқылы зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептері жан-жақты талданып, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру көзделуде. Мұндай бастамалар отбасы институтын нығайтып, қоғамда өзара құрмет пен сенімді арттыруға сеп болады. Отбасындағы зорлық-зомбылыққа мүлде жол бермеу – барша азаматтың ортақ міндеті.
Полицейлер отбасын қолдау орталықтарымен бірлесіп жұмыс жүргізуде. Солардың бірі – обласқа қарасты Созақ ауданында отбасы институтын нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға қолдау көрсету мақсатында нақты істер атқарылуда. Осы бағытта Созақ аудандық полиция бөлімінің тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бөлімінің майоры Айжан Манапова «Отбасын қолдау орталығы» мемлекеттік мекемесінде болып, мекеме жұмысының барысымен танысты.
Кездесу барысында орталық директоры Әділ Елібаев бұл мекеменің қиын жағдайға тап болған аналар мен отбасыларға моральдық және практикалық қолдау көрсетудегі маңызын атап өтті. Ал бөлім басшысы Біржан Саржанов орталықта көпбалалы, аз қамтылған, зорлық-зомбылық көрген және басқа да осал санаттағы азаматтарға құқықтық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетілетінін жеткізді.
Полициямен тығыз байланыста жұмыс істейтін бұл орталықта кәсіби білім алуға мүмкіндік беретін тігін, шаштараз, аспаз курстары ұйымдастырылған. Сондай-ақ, балаларға арналған ойын бөлмелері, психолог, логопед, социолог мамандар қызмет көрсететін кеңестер бар. Бұл бастама қоғамдағы әлсіз топтарды қолдау мен отбасы құндылықтарын нығайтудағы маңызды қадамдардың бірі саналады.
Одан бөлек Кентау қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында нақты шаралар қолға алынуда. Осы орайда Кентау қалалық «Отбасын қолдау орталығының» әлеуметтік қызметкері Гүлнұн Сәрсенбайқызы және қалалық полиция бөлімінің Жергілікті полиция қызметі бөліміндегі Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары Майра Құттыбаева мен Гауһар Жақсылықова бірлесіп, қорғау нұсқамасы шығарылған тұлғаларға мекенжай бойынша профилактикалық аралау жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында құқық қорғаушылар мен әлеуметтік қызметкерлер отбасы мүшелерімен әңгімелесіп, зорлық-зомбылықтың салдары мен құқықтық жауапкершілік туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға тиісті бағыт-бағдар беріліп, қажетті кеңестер ұсынылды.
Мұндай бірлескен алдын алу жұмыстары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталануына жол бермеудің тиімді жолы ретінде бағаланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Зорлық-зомбылық – адамзатқа ауыр соққы болып отырған өзекті проблема. Ол тек отбасында ғана емес, қоғамның түрлі салаларында, тіпті интернетте де кездеседі. Зорлық-зомбылыққа қарсы тұрып, оған бей-жай қарамау – бүгінгі қоғамның басты міндеттерінің бірі.
Арыс қаласының полиция бөлімінің Отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы Айдана Мақұлбекова мен «Отбасын қолдау орталығының» психологы Клара Төлебаева бірлесіп, «Зорлық зомбылықсыз қоғам — жарқын болашақ кепілі» тақырыбында түсіндірме жұмыстарын өткізді.
Шараның мақсаты — отбасындағы қарым-қатынаста сыйластық пен сенімділікті нығайту, балаларды ерте жастан мейірім мен жауапкершілікке тәрбиелеу. Қиын жағдайда үнсіз қалмай, көмек сұраудан тартынбау – зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің маңызды тұсы.
Бұл іс-шара қатысушыларға зорлық-зомбылық мәселесіне назар аударып, онымен күресу жолдарын түсінуге көмектесті. Тыныш, қауіпсіз қоғам – бәріміздің қолымызда. Жан-жақты қолдау арқылы зорлық-зомбылықсыз орта қалыптастыра аламыз.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – ортақ міндеттіміз.