Жамбыл облысында cу қоймалары аэрошолу арқылы зерделенді

0
44

Еліміздің бірнеше өңіріндегі су тасқыны өзге де өңірлердің етек-жеңін жиып, жағдайды тез арада бақылауға алуды қажет етіп отыр.  Осы орайда Жамбыл облысында да облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған топ өңірдің басты су артериясы – Талас өзенінің жағалауын нығайту жұмыстарымен танысты, – деп жазады kaz.inform.kz.

Жамбыл облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің берген мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда Тасөткел – 90, Теріс-Ашыбұлақ – 85, Ынталы – 88, Ақкөл – 20, Қарақоңыз – 99, Бүркітті – 29, Қақпатас – 58, Шоң-Қақпа (Кировское) су қоймасы – 77 пайыз суға толған.

Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл аудандарындағы бірқатар елді мекендер өзенге жақын орналасқан. Бұған дейін ұзындығы 28 шақырымға жуық жағалау бөлігінде нығайту жұмыстары жүргізілген болатын. Ендігі кезекте аталған жұмысты басқа бағыттар бойынша жалғастыру тиісті құзырлы орындарға тапсырылған.

«Су басу қаупі бар елді мекендерде 1790 шақырым каналдар, 1833 шақырым арықтар, 437 шақырым су бұру жүйелері, 946 су өткізгіш құбырлар тазартылған. Бүгінгі таңда 42 елді мекеннің 34-інде су басу қаупі жойылып, 2 елді мекеннің қауіп-қатері барынша азайтылды, қалған 6 елді мекенде жұмыстар жалғасып жатыр. Барлық су қоймасы бекітілген ережелерге сәйкес жұмыс істейді. Тасқын суын қабылдауға арналған тегін контейнерлер бар. Сондықтан облыстағы азаматтық қорғау органдары жоғары дайындық режиміне көшті. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, таулы аймақтар тікұшақпен бақыланады. Су тасқыны жағдайының алдын алу мақсатында 1459 адам, 364 техника, 135 су айдау қондырғысы, 19 жүзу техникасы дайындалды», – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасында.

Сонымен қатар облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Жамбыл облысының Талас Алатауы, Қырғыз жоталарының солтүстік беткейіндегі мореналық көлдердің жағдайын және биік таулы, орта таулы аумақтардағы қар қорын бағалау мақсатында Жуалы, Меркі және Т.Рысқұлов аудандарының таулы аймақтарына аэрошолу зерделеу жұмыстарын жүргізді. Зерделеу жұмыстары ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» МИ-8 тікұшағымен 600-ден 4000 метр биіктікте жүргізілді.

«Талас Алатау бойынша Жуалы ауданының таулы аймақтарында – Көксай, Ақсай, Топшақ, Текеқамал, Қаралма шатқалдарында қар желісі 1600 метр абсолюттік биіктіктен басталады. Орта таулы, биік таулы аймақтарда қар жамылғысының биіктігі шамамен 28-35 см., мореналық көлдер қысқы режимде, яғни көл айнасы мұзбен, қармен жабылған. Таулы аймақтың тік еңістерінде қар көшкіні жүрген белгілері, қар жамылғысының қарқынды еруі мен еңісті ағын байқалмайды. Өзен арналары мұзсыз.

Қырғыз жотасы бойынша Аспара, Әулиешоқы, Меркі шатқалдарында қар жамылғысы 15-20 см. Шатқалдардың жоғарғы бөлігінде 2800 метр биіктіктен қар жамылғысының желісі басталады. Қардың желдеп жауу салдарынан шатқалдардың солтүстігінде, жартасты беткейлерінде қар жамылғысы болмашы, ал оңтүстік беткейлер қармен жалпылай жабылған.

Таулы аймақтың тік еңістерінде қар көшкіні жүрген белгілері жоқ. Мақпал, Кіші Көкдөнен, Қарауылшоқы, Қаратастөбе, Молалы-Айранды, Қарақыстақ, Шалтаудың жоғары бөлігінде 3250 метр биіктікте қар жамылғысының биіктігі шамамен 25-30 см. Таулы аймақтың тік еңістерінде көшкін жүрген белгілері жоқ.

Т.Рысқұлов ауданындағы сел қауіпті «Мақпал», «Шөнгер», «Қарақат», «Қарақыстақ» «Шалсу» және «Көкдөнен» өзендерінің жоғарғы бөлігінде мұздану құбылыстары байқалмайды. Ал өзендердің орта және төменгі бөлігінде жағалық мұз жоқ. Өзен алабының орта және төменгі бөлігінде мұз кептелістері, қапсырмалар байқалмады», – делінген департамент таратқан ақпаратта.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу