Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылыми қолдау көрсету жұмыстары жанданады

0
7

2024 жылы  Түркістан облысы әкімдігі жанынан ғылыми кеңес құрылып, өз жұмысын бастаған болатын. Бүгінде кеңес құрамына өзгерістер енгізіліп, гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған басым және мамандандырылған ғылыми бағыттар айқындалуда. Осы орайда Ғылыми кеңестің жұмысы жаңа серпінмен жалғасады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары, облыстық ғылыми кеңестің төрағасы Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен кеңестің кезекті отырысында айтылды.

Жиынға облыстық басқарма басшылары, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, сондай-ақ өңірдің жас ғалымдары мен профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Кеңес отырысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылыми қолдау көрсету, инновациялық идеяларды іс жүзінде жүзеге асыру, және жергілікті атқарушы органдар мен ғылыми қауымдастық арасындағы байланысты күшейту мәселелері қаралды.

Бейсенбай Дәулетұлы ғылыми кеңес жұмысын жүйелі жүргізу үшін арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды. Сонымен қатар, жаңа ғылыми бастамаларға қолдау білдіруге және ғалымдардың ұсыныстарын өңірлік даму стратегиясына енгізуге дайын екенін жеткізді.

– Жергілікті атқарушы органдар мен ғалымдардың арасындағы байланысты нығайту – бүгінгі күннің өзекті міндеті. Облыстың дамуы сіздердің ғылыми ізденістеріңіз бен интеллектуалды шешімдеріңізге де тікелей байланысты. Әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, жаңа бастамаларды қолға алған жөн. Сондықтан ғылыми кеңесті жаңа форматта дамытып, тиімді алаңға айналдыруымыз қажет. Білікті мамандардың ұсыныстары мен тың бастамаларына әрдайым ашықпыз, – деп атап өтті.

Түркістан облысында ғылымды дамытудың басым бағыттары ретінде экология, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту секілді салалар айқындалған. Сонымен бірге Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, «Академиялық және зерттеу артықшылық орталықтары» аясында өмір және денсаулық туралы ғылымдар бойынша да жаңа бағыттар енгізілуде.

Кеңес отырысында Түркістан қаласындағы жоғары оқу орындарының ғалымдары өңірлік даму стратегиясына қатысты нақты ғылыми ұсыныстарын жеткізді.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу