Түркістан облысында жаңа жобалар жасанды интеллект негізінде әзірленбек

Түркістан облысы әлеуметтік-экономикалық даму бағытында қарқынды өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатыр. Өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту, инфрақұрылым мен әлеуметтік салаларда нақты жобалар жүзеге асырылуда. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы, шағын және орта бизнесті қолдау, денсаулық сақтау мен білім беру жүйелерін жаңғырту – өңір халқының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған басты басымдықтар қатарында.
Сондай-ақ инновациялық шешімдер мен жасанды интеллект құралдарын енгізу арқылы Түркістан облысы заманауи, бәсекеге қабілетті өңірге айналуға бет алды.
Түркістан облысында салынатын жаңа нысандар өңірдің бекітілген дизайн кодына сәйкес бой көтеруі тиіс. Сәулеттік келбет пен құрылыс сапасы – басты назарда.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңесте алдағы уақытта жүзеге асырылатын құрылыс жобалары талқыланды. Кеңесте тұрғын үй құрылысы, туризм және мәдениет салаларындағы бірқатар маңызды жобалардың эскиздік жоспарлары таныстырылып, олардың аймақтың даму стратегиясына сәйкестігі сарапқа салынды.
Аймақ басшысы жобаларда Түркістанның тарихи-мәдени ерекшелігін сақтай отырып, ұлттық нақыш пен заманауи цифрлық шешімдерді үйлестіруді тапсырды. Сонымен қатар барлық құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы орындау қажеттігі атап өтілді.
– Өңірде салынатын нысандардың эскиздік жобаларын әзірлеу барысында жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану керек. Сонымен қатар жобалар заманауи талаптарға сай, эстетикалық және функционалдық тұрғыдан үйлесімді болуы тиіс, – деді өңір басшысы.
Жиын барысында жеке инвесторлар «Жаңа қала» мөлтек ауданында тұрғын үй кешендері, демалыс аймағы бар қонақ үй, жаңа мешіт аумағына коммерциялық нысандар салу жобаларын таныстырды. Сондай-ақ «Филармония» мен қалалық әкімшілік ғимаратының сәулеттік келбеті мен шешімдері ұсынылды.
Шардара жағажайын абаттандыру, Түлкібас ауданындағы «Балықкөл» туристік жобасын дамыту бағытында да нақты ұсыныстар берілді.
Облыс әкімі ұсынылған жобалардың сапасына, құрылыс материалдарының стандартқа сай болуына, абаттандыру жұмыстарының толық қамтылуына ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Жергілікті тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған әрбір жобада функционалдық пен қолжетімділік ескерілуі қажет екенін атап өтті. Жауапты тұлғаларға жобаларды нақтылап, бекітілген мерзімде іске асыру тапсырылды.