Түркістан облысында инвестиция тарту бағытында жұмыс күшейтілді

0
8

Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібін дамыту, шетелдік инвестиция тарту арқылы  өңір экономикасын әртараптандыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл бастамалар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей қолдауымен іске асырылып келеді. Бүгін өңір басшысы бірқатар шетелдік және отандық инвесторлармен кездесіп, Түркістанда кәсіп ашудың артықшылықтары мен мемлекеттік қолдау тетіктері туралы кеңінен ақпарат берді.

Кездесу барысында тұрмыстық және кеңсе тауарларын өндірумен айналысатын кәсіпкерлер облыста ауқымды жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді. Жоспарланып отырған өндіріс орны жылына 60 мың тоннадан астам өнім шығаруға қауқарлы болып, жүздеген жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамту мүмкіндігін береді.

Мұндай жобалар Түркістан облысының экономикасын әртараптандыруға, импортқа тәуелділікті төмендетуге және отандық өндірістің дамуына тың серпін береді. Сонымен қатар, бұл бастамалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.

Бүгін өткен инвесторлармен кездесуде қағаз және кеңсе тауарлары өндірісі, құрылыс материалдары, ауыл шаруашылығы техникалары мен өнеркәсіптік құрал-жабдықтарды шығару сынды салалар бойынша нақты жобалар талқыланды. Бұл салаларда импорт үлесі 80%-дан асып отыр. Сондықтан отандық өнім өндірісін дамыту арқылы ішкі нарықты қамту мүмкіндігі зор.

Қағаз өндірісінде толық циклді өндіріс құру – шикізаттан дайын өнімге дейінгі барлық кезеңдерді қамтып, өндірістің тиімділігін арттыруға жол ашады. Сонымен қатар, бұл бағытта жүзеге асатын жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, өнеркәсіптік кластерді кеңейтеді.

Кездесу барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвесторлармен ашық әрі сенімді әріптестік орнатудың маңызын атап өтіп, барлық қолдау көрсетілетінін жеткізді.

–Біздің тараптан толық қолдау болады. Бұл – сіздің инвестицияңыздың тиімділігін арттыратын мүмкіндік. Біз әр инвестормен жеке жұмыс істеуге дайынбыз. Кез келген мәселе бойынша менің жеке телефоныма тікелей хабарласыңыздар. Біз үнемі байланыстамыз, – деді облыс әкімі.

Түркістан облысы – инвестиция үшін қолайлы өңір. Өндірісті осында орналастыру арқылы сіздерге Орта Азия елдері мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бес елдің нарығы қолжетімді болады. Сонымен қатар Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі өңірдің әлемдік нарыққа шығуына зор мүмкіндік береді. Бұл бағытта сауда мен логистиканы дамыту әлеуеті өте жоғары.

Әкімдік инвесторларға салықтық жеңілдіктерді, экспорт және логистика бағытындағы көмек көрсетуді, өндірістік ғимараттарды қамтамасыз етуді ұсынады. «TURAN» арнайы экономикалық аймағы сияқты индустриалдық парктерде өндіріс үшін дайын инфрақұрылым бар және тиісті қолдау пакеттері жасалуда.

Аталған жобалар іске асса жаңа жұмыс орындары ашылады. Импортқа тәуелділік төмендейді. Өңірдің өнеркәсіп әлеуеті артады, білікті кадрлар даярлау деңгейі өседі әрі өндірістің халықаралық нарыққа шығу мүмкіндігі кеңейеді.

Түркістан облысында жергілікті кәсіпкерлерді қолдау бағытында нақты шаралар атқарылуда. Құны 5 миллионнан 500 миллион теңгеге дейінгі жобаларды сүйемелдеу жұмыстары қарқын алып, кәсіпкерлік саласының дамуына оң ықпал етуде. 2025 жылдың басында сүйемелдеуге алынған 343 жобаның 205-і бүгінде іске қосылды. Жалпы құны 31,3 млрд теңгені құрайтын бұл жобаларды іске қосу арқылы 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Қалған жобаларды жыл соңына дейін толық іске қосу жоспарланып отыр.

Өндірістік ғимараттар салу шағын және орта бизнестің өнеркәсіп бағытында дамуына серпін беретін маңызды бастама. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өндірістік ғимараттардың құрылыс жұмыстарын жеделдетуді  тапсырды. Одан бөлек, жергілікті кәсіпкерлерді тарту арқылы жаңа өндірістік жобаларды орналастыру жұмыстарын ұйымдастыруды айтып, іс бастаймын деген азаматтарға қолдау көрсетіп, сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Жобалардың жыл соңына дейін іске қосылуы облыс әкімінің бақылауында.

–Шағын және орта кәсіпкерлік саласында негізгі индикаторлық көрсеткіштер бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 7 айдың қорытындысымен оң өсімге қол жеткізілді. Шағын және орта бизнесті дамыту бойынша негізгі 4 бағыт арқылы жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, шағын және орта кәсіпкерлік саласында бизнес жобаларды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қаржылай қолдау, индустриялды аймақтарды дамыту, өндірістік парктерді дамыту бағытында жұмыстар қарқын алды. Сүйемелдеу жұмыстарының нәтижесінде, биыл облыста 205 жоба іске қосылды. Нақтырақ айтқанда, Шардара ауданында 500,0 млн. теңгеге «Наурызбай» шаруа қожалығының күріш өнімдерін өңдеу жобасы, Жетісай ауданында 500,0 млн. теңгеге «Kasym ASES» ЖШС-ның мия тамырын қайта өңдеу зауыты, Жетісайда «Торегелды» медициналық мақта өндірісі, Қазығұрт ауданында «Түркістан Агросервис» ЖШС-ның сүтті қайта өңдеу зауыты, Ордабасыда «Steel Frame» ЖШС-ның металл өндірісі, Ордабасыда «Түркістан Агросервис» ЖШС-ның сұйық мақта майын өндіру жобасы, Арыста «ЮГ транс сервис» ЖШС-ның вагондардың арнайы құрамдарын жөндеу кәсіпорны, Бәйдібекте жеке кәсіпкердің қымыз және сүт өнімдері цехы және басқа да кәсіпорындар өз жұмысын бастады, – деді Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов.

Мақта тұқымын өңдеу зауыттары, түйіршіктелген жоңышқа өндірісі, ойын алаңын жинау зауыты, ауыл шаруашылығы техникаларына агрегаттар шығаратын кәсіпорындар, пластикалық құбырлар өндірісі, полистер және бетон бұйымдарын шығаратын кәсіпорын, балық шаруашылығы, микробиологиялық тыңайтқыштар өндірісі, сүт өнімдерін өңдеу цехі, кондитерлік цехті іске қосу жоспарланып отыр.

Түркістан облысында кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Өңір экономикасының қозғаушы күші саналатын шағын және орта бизнеске қолдау көрсету үшін биыл 181 жобаға жалпы 22,8 млрд теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Бұл қаражат бірыңғай кешенді бағдарлама аясында бөлінді.

Сонымен қатар, осы жылдың шілде айынан бастап «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылып, қазіргі таңда кәсіпкерлерді қаржыландыру процесі басталды. Бағдарлама жаңа бизнес бастамаларды қолдауға, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың аясын кеңейтуге бағытталған.

Өңірде 20 индустриялды аймақ пен бірнеше шағын өндірістік парктер жұмыс істейді. Мысалы, Сауран ауданында жеке кәсіпкерлердің қаражаты есебінен 148 өндірістік ғимарат салынуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, барлық аудан мен қалада кемінде 5 өндірістік ғимарат салу көзделіп отыр. Қазіргі таңда Шардара ауданы мен Түркістан қаласында нақты жобалар қолға алынып, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Қалған өңірлерде жер телімдері бөлініп, әлеуетті кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілуде. Бүгінде Түркістан облысында 214 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл көрсеткішпен облыс республика көлемінде үшінші орынды иеленіп отыр. Кәсіпкерлікті қолдау – экономиканы әртараптандырудың, жұмыссыздықты азайтудың және өңірлік даму тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды бағыты.

 

 

 

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу