Түркістан облысы мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері талқыланды

0
7

Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойындағы ынтымақ пен өркендеудің мекені. Бүгінгі таңда тарихи қала тек түркі дүниесінің рухани астанасы ғана емес, сонымен бірге еліміздің экономикалық өсімінің маңызды орталығы саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, биыл Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілді. Бұл шешім қаланың туристік әлеуетін арттырып, инвестиция тартуға және тарихи-мәдени мұраны сақтауға зор мүмкіндік туғызды. Біз агроөнеркәсіп, терең өңдеу, білім беру, туризм және жер қойнауын пайдалану салалары бойынша инвестиция тартуға басымдық беріліп келеді. Осы ретте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстандағы АҚШ-тың Бас консулы Мишель Еркинмен ресми кездесу өткізді. Кездесу аясында тараптар экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық бағыттардағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Әңгіме барысында туризм мен білім беру салаларындағы әріптестік мүмкіндіктері жайлы пікір алмасылып, болашақта жүзеге асырылатын жобалар бойынша өзара қызығушылық білдірілді. Облыс басшысы америкалық бизнес өкілдері үшін Түркістанда тиімді әрі ұзақмерзімді жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті.

Нұралхан Көшеров  өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтары мен инвесторларға ұсынылатын мүмкіндіктер туралы баяндады. Атап айтқанда, жалпы аумағы 4 000 гектарды құрайтын «TURAN» арнайы экономикалық аймағының қызметі мен мұндағы салықтық жеңілдіктер, инфрақұрылымдық қолдау тетіктері таныстырылды. Сонымен қатар шағын индустриялық парктердің дамуы, кәсіпкерлерге арналған тиімді шарттар да назардан тыс қалмады. Бүгінгі таңда облыста 20 индустриялық аймақ жұмыс істеп тұр.

-Түркістан америкалық бизнес үшін сенімді серіктес болады деп сенемін. Ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімді, өзара тиімді әрі табысты боларына сенемін, – деді ол.

Сонымен бірге облыс басшысы Түркістан облысының табиғи ресурстарға бай екенін атап өтті. Мұнда уран, алтын, темір кені, көмір және фосфориттің мол қоры бар. Қолайлы климаттық жағдай ауыл шаруашылығымен жыл бойы тұрақты айналысуға мүмкіндік береді. Бүгінде Түркістан облысы республика бойынша ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде көш бастап тұр. Сонымен қатар ет экспорты бойынша да жетекші орында.  Еліміздегі сиыр еті экспортының 80%-ы мен қой еті экспортының 75%-ы Түркістан облысының үлесінде.

АҚШ-тың Бас консулы Мишель Еркин көрсетілген қонақжайлық үшін алғыс білдіріп, Түркістан облысын екіжақты ынтымақтастықты дамытудағы маңызды өңірлердің бірі ретінде атап өтті. Консул аймақтың тарихи-мәдени мұраларына, туризм саласын дамытудағы әлеуетіне және болашақ экономикалық даму бағыттарына жоғары баға беріп, даму тұжырымдамасындағы бірқатар жобаларға қызығушылық танытты. Сондай-ақ білім саласында тәжірибе алмасуға ниетті екенін білдіріп, тараптар бірлескен жобалар мен серіктестік мүмкіндіктерін қарастыруға дайын екендіктерін жеткізді.Бұл кездесу Түркістан облысы мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге жол ашады деп күтілуде.

Еске сала кетсек, Түркістан облысы бүгінде еліміздің ең тартымды туристік бағыттарының біріне айналып отыр. Өңірде ежелгі тарихи-мәдени мұралар, бірегей табиғи ландшафттар мен заманауи туристік инфрақұрылым үйлесім тапқан.

Халықаралық деңгейдегі Түркістан әуежайы жыл сайын 3 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетіп, шетелдік және отандық туристердің легін арттыруға ықпал етуде.

Мемлекет тарапынан туризмді дамытуға бағытталған бірқатар жеңілдіктер мен қолдау тетіктері қарастырылып, бизнеске қолайлы жағдай жасалуда. Бұл – өңірдің инвестициялық және туристік әлеуетін одан әрі арттырып, Түркістанды Орталық Азияның ірі туристік хабына айналдыруға жол ашады.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу