ТҮРКІСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАН АРАСЫНДА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КЕҢЕЮДЕ

0
15

Өзбекстан Республикасының Ташкент облысында Түркістан және Ташкент облыстарының кәсіпкерлері қатысқан «Шекарасыз ынтымақтастық» халықаралық бизнес-форумы өтті. Ауқымды жиын екі өңір арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және туристік байланыстарды нығайтуға бағытталды. Форумға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация қатысып, өңіраралық әріптестіктің жаңа мүмкіндіктерін талқылады.

Іс-шараға екі өңірден 200-ге жуық кәсіпкер мен инвестор жиналып, өндіріс, ауыл шаруашылығы, логистика, туризм және қызмет көрсету салаларындағы бірлескен жобаларды дамыту мәселелерін қарастырды. Форум екіжақты экономикалық диалогты тереңдетуге және нақты инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.

Форумның ашылуында Ташкент облысының хокимі Зойир Мирзаев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров сөз сөйлеп, екі өңір арасындағы тарихи достық пен стратегиялық әріптестіктің маңызын атап өтті. Тараптар мемлекет басшыларының саяси қолдауының арқасында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланыстар жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін жеткізді.

Ташкент облысының хокимі өз сөзінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың нақты нәтижелер беріп отырғанына тоқталды.

– Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық пен өзара сенімге негізделген қатынастар бүгінде жаңа кезеңге өтті. Біз бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және экономикалық өсімге серпін беретін жаңа бағыттарды дамытуға дайынбыз, – деді ол.

Өз кезегінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров форумның өңірлер арасындағы экономикалық байланыстарды кеңейтудегі рөлін атап өтті.

– Бұл форум – тек пікір алмасу алаңы емес, нақты жобаларды іске асыратын тиімді платформа. Түркістан облысы инвестицияға ашық, ұзақ мерзімді серіктестікке дайын өңір ретінде бірлескен бастамаларды қолдайды. Біздің мақсат – экономиканы әртараптандыру және жаңа өндіріс орындарын ашу, – деді облыс әкімі.

Форум аясында Түркістан облысының бизнес-делегациясы өз жобаларын таныстырып, Ташкент облысының кәсіпкерлерімен тікелей B2B кездесулер өткізді. Тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, тоқыма өнеркәсібі, азық-түлік өндірісі, туризм және логистика салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық білдірді.

Кездесу барысында екі өңірдің инвестициялық әлеуеті кеңінен таныстырылып, индустриялық аймақтар мен өндірістік алаңдардың мүмкіндіктері көрсетілді. Сонымен қатар «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы жобасының маңыздылығы ерекше аталып өтті. Бұл бастама аймақтық өндірістік тізбектерді қалыптастыруға және шекаралық экономикалық байланыстарды күшейтуге бағытталған.

Бүгінде Түркістан облысы ауыл шаруашылығы, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, туризм және логистика салаларында қарқынды дамып келеді. Өңірде жалпы құны 6 млрд АҚШ долларын құрайтын 122 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар индустриялық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтар инвесторларға қолайлы жағдай жасап, жаңа өндірістердің ашылуына мүмкіндік беріп отыр.

Түркістан облысында шетелдік, соның ішінде өзбек капиталының қатысуымен бірқатар жобалар іске асырылған. Олардың қатарында мал шаруашылығы кешені, су үнемдеу технологияларын өндіру және азық-түлік өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындар бар.

Форум қорытындысында тараптар өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және іскерлік байланыстарды нығайтуға уағдаласты. Бұл өз кезегінде екі өңірдің экономикалық интеграциясын күшейтіп, Орта Азиядағы сауда-экономикалық байланыстардың дамуына ықпал етеді.

Жалпы алғанда, «Шекарасыз ынтымақтастық» форумы Түркістан мен Ташкент облыстары арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңін айқындап, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды алаң ретінде бағаланып отыр.

Айта кетсек,  Түркістан өңірінде инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Қазіргі таңда жалпы аумағы 1 960 гектарды құрайтын 21 индустриялық аймақ пен көлемі 1 400 гектар болатын арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Аталған аймақтар инженерлік инфрақұрылыммен қамтылып, салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар, инвесторларға дайын өндірістік ғимараттарды жалға алу немесе жеңілдетілген шарттармен сатып алу мүмкіндігі ұсынылады.

 

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу