Түркістан облысында білім, ғылым және инновациялық даму бағытындағы жетістіктер кеңейіп келеді

Түркістан облысында 2025-2026 оқу жылы дарынды оқушылардың халықаралық және республикалық деңгейдегі жетістіктерімен қатар, білім мен ғылым саласын дамытудағы жүйелі жұмыстармен ерекшеленіп отыр. Өңірде білім сапасын арттыру, ғылыми-зерттеу әлеуетін күшейту және жастардың зияткерлік қабілетін дамыту бағытында нақты нәтижелер қалыптасуда.
Атап айтқанда, халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауларының облыстық кезеңіне жалпы 5 980 оқушы қатысып, олардың 2 691-і жүлделі орындарға ие болды. Республикалық кезеңге 330 оқушы жолдама алып, нәтижесінде 169 оқушы жеңімпаз және жүлдегер атанды. Ал халықаралық олимпиадаларға қатысқан 21 оқушының 14-і жүлделі орын иеленді.
9–11 сынып оқушылары арасында өткен республикалық олимпиадада Түркістан облысынан 74 оқушы қатысып, олардың 20-сы жүлделі орындарға ие болып, жоғары нәтижені көрсетті. Бұл көрсеткіш өңірдегі білім сапасының тұрақты өсіп келе жатқанын айғақтайды.
Түркістан облысы оқушыларының халықаралық аренадағы жетістіктері де айрықша. АҚШ-тың Техас штатындағы Хьюстон қаласында өткен робототехникадан әлем чемпионатында Төлеби ауданының мамандандырылған мектеп-интернатының «TOLEBI DARYN» командасы әлемнің үздік бестігіне еніп, ІІ орынды иеленді. Сондай-ақ Қазығұрт ауданының Qazygurt командасы Грекияда өткен халықаралық робототехника чемпионатында 56 елдің қатысушылары арасында ІІ орынға қол жеткізді.
Бұл жетістіктер – өңірде дарынды оқушыларды қолдау, заманауи білім беру ортасын қалыптастыру және инновациялық бағыттарды дамыту бойынша атқарылып жатқан кешенді жұмыстардың нәтижесі.
Сонымен қатар Түркістан облысында ғылымды танымал ету, отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін кеңінен насихаттау және жас зерттеушілерді қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетін арттыру, өңірлік университеттерді дамыту және ғылым саласында жоғары оқу орындары арасындағы кооперацияны күшейту – өңір дамуының маңызды басымдықтарының бірі болып отыр.
Жас ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекеттік қолдау шаралары кеңейтіліп, олардың ғылыми жобаларына қатысуына және халықаралық деңгейдегі зерттеулерге араласуына мүмкіндік жасалуда. Бұл өз кезегінде өңірдің интеллектуалдық капиталының артуына және инновациялық экономиканың қалыптасуына ықпал етеді.
Түркістан облысының білім және ғылым саласындағы оң көрсеткіштері ұстаздар мен ғалымдардың еңбегі, оқушылардың ізденісі және мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың нақты нәтижесі болып табылады.
Жалпы, 2025–2026 оқу жылында облыста 35 294 оқушы мектепті аяқтаса, олардың 2 416-сы «Алтын белгіге» үміткер, 3 141 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер атанған. Ал Ұлттық бірыңғай тестілеуге 31 535 түлек қатысуға өтінім білдірген.
Сондай-ақ ауыл мектептері оқушылары арасындағы республикалық олимпиадада Түркістан облысының командасы тұңғыш рет Бас жүлдені жеңіп алып, «Ең үздік олимпиадалық команда – 2025» атағына ие болды.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында білім мен ғылымды дамытуға бағытталған кешенді саясат өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етіп, адами капиталдың сапасын арттыруға және инновациялық дамуға жол ашып отыр.






