ТҮРКІСТАН: АРЫСТА ALSTOM КОМПАНИЯСЫНЫҢ ЖАҢА СЕРВИСТІК ДЕПОСЫ ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНА СЕРПІН БЕРЕДІ

0
21

Түркістан облысы Арыс қаласында әлемдік жетекші теміржол техникасын өндіруші француздық Alstom компаниясының электровоздарға арналған жаңа сервистік депосының құрылысы жүргізілуде. Жоба қаланың теміржол тораптық маңызын күшейтіп, өңірдің көлік-логистика саласын дамытуға тың серпін бермек.

Осыған орай мүдделі тараптар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған таныстыру сапары ұйымдастырылып, құрылыс жұмыстарының барысы көрсетілді.

Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Франция Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге, Alstom компаниясының Батыс және Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Жером Бойе, сондай-ақ Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының өкілдері қатысты.

Жиын барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жобаның өңір үшін стратегиялық маңызын атап өтті.

–Бүгін біз француздық Alstom компаниясымен бірлескен облысымыздағы бірегей депоның құрылыс алаңында бас қостық. Бұл жоба өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, теміржол саласының дамуына серпін беретін маңызды бастама. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында өндірісті дамыту, жаңа технологияларды енгізу, халықаралық экономикалық байланыстарды нығайту, инвестиция тарту және халықты тұрақты жұмыспен қамту мәселелеріне әрдайым айрықша назар аударып келеді. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Арыс қаласында халықаралық компаниямен бірлескен маңызды жоба жүзеге асырылуда. Жоба іске қосылғаннан кейін өңірімізде заманауи теміржол сервистік депо жұмыс істейтін болады. Мұнда электровоздарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары жүзеге асырылатын негізгі өндірістік орталық қалыптасады. Ең бастысы – нысан толық іске асқан соң 100-ден астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бұл өндірістік қана емес, әлеуметтік маңызы зор бастама. Осы игі жобаның жүзеге асуына атсалысып жатқан барлық тараптарға алғыс білдіремін. Алдағы уақытта да өзара тиімді әріптестігіміз нығайып, жалғасын табады деп сенемін, – деді ол.

Франция Республикасының Қазақстандағы Елшісі Сильван Гиоге Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өтіп, Alstom компаниясының жобалары екі ел арасындағы ұзақ мерзімді серіктестіктің айқын дәлелі екенін жеткізді.

Жоба Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Alstom компаниясы арасындағы инвестициялық келісім аясында жүзеге асырылуда. Арыс қаласындағы бұл нысан елімізде салынатын төрт сервистік орталықтың бірі болып табылады.

Іске қосылғаннан кейін депо электровоздарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарын жүргізетін негізгі өндірістік орталыққа айналады. Жылына 1440 локомотив секциясына дейін қызмет көрсету мүмкіндігі қарастырылған.

Мамандардың айтуынша, жаңа сервистік орталық теміржол тасымалының тиімділігі мен қауіпсіздігін арттырып, ішкі және халықаралық бағыттардағы жүк және жолаушы қатынасының сапасын жақсартады.

Арыс қаласының Орта дәліз бойындағы қолайлы географиялық орналасуы бұл нысанның өңірлік логистикалық хаб ретіндегі маңызын одан әрі күшейтеді. Бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға және халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлін нығайтуға ықпал етеді.

Жоба аясында жүзеге асырылып жатқан 50 млн еуро көлеміндегі инвестициялық бағдарлама нәтижесінде еліміз бойынша шамамен 700 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Бұл бастама Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай әсер етеді. Атап айтқанда, өңірде жаңа өндірістік инфрақұрылым қалыптасып, жоғары білікті мамандарға сұраныс артады. Жұмыспен қамту деңгейі өсіп, жергілікті халықтың табысы артады. Сонымен қатар көлік-логистика саласының дамуы өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, Түркістан облысының жалпы экономикалық өсіміне оң ықпал етеді.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу