Түркістандағы «Turan» арнайы экономикалық аймағы – инвестиция мен өндірістің жаңа орталығы

Түркістан облысында құрылған «Turan» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) – өңірдің индустриялық-инновациялық әлеуетін арттырып, шетелдік және отандық инвестиция тартуға мүмкіндік беретін маңызды жоба. АЭА-ның жалпы аумағы 4 414,39 гектарды құрап, 9 қосалқы аймақты қамтиды. Бұл кеңістік – кәсіпкерлер үшін өндіріс орындарын тиімді орналастырып, жеңілдіктер мен қолдаулар арқылы жобаларды жүзеге асыруға жол ашатын алаң.
Бүгінде 189 жоба тіркеліп, олардың жалпы құны 1 061,16 млрд теңгені құрайды. Бұл жобалар аясында 12 713 жұмыс орны құрылуы жоспарланған. Қазірдің өзінде құны 255,9 млрд теңге болатын 40 жоба іске асырылып, 1 353 тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұл – аймақ экономикасына серпін беретін нақты көрсеткіштер.
Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтің төрағалығымен өткен мәжілісте «Turan» АЭА-дағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Кездесуде инфрақұрылымның жай-күйі, инженерлік-коммуникациялық жүйелермен қамтамасыз ету, жер телімдерін рәсімдеу, құжат айналымының тиімділігін арттыру мәселелері қозғалды.
Талғат Қозбеков жауапты мекемелерге инфрақұрылымдық жобаларды сапалы әрі уақытында орындау, инвестициялық жобаларды үнемі бақылауда ұстау, бюрократиялық кедергілерді жою, рұқсат құжаттарын жедел рәсімдеу бойынша нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, АЭА-дағы жобалар бойынша ай сайынғы мониторинг жүргізу қажеттігін ескертті.
Жиналыс барысында облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының м.а. Қанат Шонбасов арнайы аймақтардың жай-күйін баяндады. Сондай-ақ өзекті мәселелерге тоқталды. Мәжіліске қатысушылар шешу жолдарын қарап, ұсыныстарын айтты.
«Turan» арнайы экономикалық аймағы — Түркістан облысының инвестициялық стратегиясындағы басым бағыттардың бірі. Мұнда инвесторларға салықтық, кедендік жеңілдіктер, дайын инфрақұрылым, жер телімдері мен әкімшілік қолдау ұсынылады. Бұл өз кезегінде аймақ экономикасына тікелей әсер етіп, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, экспорт көлемінің артуына, және технологиялық өндірістердің дамуына жол ашпақ.
Облыс әкімінің орынбасары жиынды қорытындылай келе, бұл аймақтар Түркістан өңірінің экономикалық дамуының драйверіне айналуы тиіс екенін атап өтті. Әрбір жауапты мекемеден өз міндетін сапалы әрі уақытылы атқаруын талап етіп, жұмыс барысы тікелей облыс әкімінің бақылауында екенін айтты.






