Түркістанда интеграцияланған экожүйелік өндірістік парк құрылмақ

Түркістан облысы – географиялық және экономикалық әлеуеті зор, еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Стратегиялық орналасуы, көлік инфрақұрылымының қолайлығы мен инвесторларға жасалып отырған қолдау бұл өңірді бизнес пен өнеркәсіп үшін тартымды аймаққа айналдырып отыр.
Облыс аумағы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі өңірге әлемдік нарықтарға тікелей шығу мүмкіндігін береді. Сондай-ақ Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы 185 миллионнан астам тұтынушысы бар ауқымды нарыққа еркін сауда жасауға жол ашады.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мақсатында шетелдік инвесторлармен кездесулер өткізіп келеді. Кезекті басқосу кезінде тараптар интеграцияланған экожүйелік өндірістік парк құру мәселесін жан-жақты талқылады.
Жобаның негізгі мақсаты – өндірісті, логистиканы, агроөнеркәсіпті және инновацияны бір ортада шоғырландыру арқылы өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру. Бұл экожүйе бизнес үшін тиімді алаң, жаңа жұмыс орындары мен заманауи өндірістің үлгісіне айналмақ.
Облыс әкімінің айтуынша, бүгінде Қазақстан мақта талшығын шет елге экспорттайтын ел ретінде танылғанымен, жіп, мата және киім-кешек өндірісінде әлі де импортқа тәуелді.
– Елімізде шикізат қоры жеткілікті. Сондықтан бізде жіп, мата және киім-кешек өндірісін жолға қоюға және дамытуға зор мүмкіндік бар. Түркістан облысы бұл бағытта үлкен әлеуетке ие, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Биыл өңірде мақта алқаптары 38 мың гектарға артып, жалпы 144,5 мың гектар жерге мақта егілген. Нәтижесінде 470 мың тоннаға жуық шитті мақта жиналады деп күтілуде. Оның 50 мың гектарында озық технологиялар қолданылуда. Бұл – ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіпті интеграциялау бағытындағы нақты қадамдар.
Қазіргі таңда облыста 25 мақта өңдеу зауыты жұмыс істейді. Бұл – дайын өнім шығаратын кәсіпорындар үшін зор мүмкіндік. Осы саланы одан әрі дамыту мақсатында Түркістанда «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Бұл аймақта инвесторлар үшін салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктерде дайын инфрақұрылым ұсынылып, шетелдік және отандық кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалуда.
– Инвесторларға толық қолдау көрсету – біздің басты міндетіміз. Бірлескен жобаларды іске асыруға, жер, инфрақұрылым, қаржылық және әкімшілік мәселелерді шешуге барынша көмектесуге дайынбыз, – деп атап өтті өңір басшысы.
Түркістан облысы жеңіл өнеркәсіптің маңызды орталығына айналып, болашақта экспорттық әлеуетті арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономиканы әртараптандыруға серпін бермек.
Түркістан өңірі – еліміздегі ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіптің дамуына үлкен үлес қосып отырған өңір. Әсіресе, мақта шаруашылығы аймақ экономикасының негізгі бағыттарының бірі саналады.
Инвесторлар жоба аясында мата және дайын өнім өндірісін қолға алынып, өндірістік және өңдеу, цифрлық логистикалық және қойма орталықтарын, сауда-көрме және коммерциялық-сервис орталықтарын салуды ұсынып отыр. Сонымен қатар инвесторлар электрондық сауданы дамытуға, мамандар даярлауға, өнімдерді Орталық Азия, Ресей және Еуропа нарығына шығаруға ниетті.






