Түркістан облысында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында кешенді жұмыстар жүргізілуде

0
85

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Түркістан облысында құқықтық түсіндіру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру бағытында ауқымды шаралар қолға алынды.

Осыған орай Түркістан облысы Полиция департаментінің құрылымдық бөлімшелері басшыларының қатысуымен жедел кеңес өтіп, Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген міндеттерді орындау аясындағы жедел-қызмет нәтижелері қаралды. Кеңесте алдағы кезеңге арналған басым бағыттар белгіленді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Заң және тәртіп – мемлекеттіліктің мызғымас тірегі. Онсыз заманауи әрі гүлденген қоғам құру мүмкін емес» – деп атап өтті. Осыны негізге ала отырып, өңірде құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидаты енгізілуде.

Кеңесте Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің тапсырмаларын жеке құрамға жеткізді. Атап айтқанда, қылмыспен күрес, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, цифрландыру үдерістерін жеделдету бағыттарына басымдық берілді.

Жиын барысында департамент басшылары атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, қылмыстарды ашу, профилактикалық шаралар және тәртіпті қамтамасыз ету бағыттарында нақты нәтижелермен бөлісті.

Түркістан облысында қоғамдық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жалғасатын болады.

Түркістан облысында құқық қорғау органдарының жүйелі жұмыстарының нәтижесінде қылмыс тіркелімі 7 пайызға төмендеді. Бұл – өңірдегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың оң нәтижесі. Сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу көрсеткіші 86,5%-ға жақсарған. Ұрлық 33,2% – ға, мал ұрлығы 26,6% -ға, бұзақылық 26,7% -ға және тонау 5,6% – ға азайды.

Заңсыз айналымнан 8 бірлік қару мен 488 келіден астам есірткі заты тәркіленіп, қоғам қауіпсіздігіне төнген бірқатар қатерлердің жолы кесілді. Сонымен қатар қоғамдық орындарда және мас күйінде жасалған қылмыстар саны да азайғаны тіркелді.

Кеңесте интернет-алаяқтықтың, нашақорлықтың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың және жол-көлік оқиғаларының алдын алу шаралары талқыланып, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту керектігі айтылды.

Облыстың бас полицейі жеке құрамға нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, халық арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жандандыру, қылмыстың алдын алу бойынша тиімді тәсілдерді қолдану, жол апаттарының санын азайту және қауіпсіз орта қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыстар жалғасатын болады.

Кеңес соңында полиция қызметіне цифрлық шешімдерді енгізу, оқу орындарындағы бейнебақылау жүйелерін жедел басқару орталығымен біріктіру бойынша тапсырмалар берілді. Бұл – құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған тағы бір маңызды қадам.

Мұрат Қабденов аппарат басшылығы мен қалалық және аудандық полиция бөлімі басшыларына патрульдеуді күшейтуді, сондай-ақ халық арасында профилактикалық жұмыстарды жүргізуді және қойылған міндеттерді мүлтіксіз орындауды тапсырды.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу