НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ШАРДАРА АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

0
14
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Шардара ауданының тұрғындарымен кездесті. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланды.
2026 жылдың 9 айында Шардара ауданының жалпы өңірлік өнімі 119,6 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33,1 пайызға артқан. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 25,6 млрд теңгеге жеткен. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 36,8 млрд теңгені құрады.
Облыс әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң өзгерістерді атап өтіп, көрсеткіштерді одан әрі жақсарту қажеттігін айтты.
– Біздің басты мақсатымыз – инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру. Кез келген жобаның түпкі нәтижесі халықтың тұрмысынан көрінуі керек. Сондықтан қолға алынған жұмыстардың сапасына, олардың уақтылы орындалуына және тұрғындарға нақты пайда әкелуіне басымдық беруіміз қажет, – деді Нұралхан Көшеров.
Сондай-ақ өңір басшысы ауданда жүзеге асқан бірқатар әлеуметтік жобаларға тоқталды. Шардара қаласында 300 орындық мектеп пайдалануға беріліп, үш мектепке күрделі жөндеу жүргізілген. Алатау батыр ауылында медициналық-санитариялық көмек көрсету орталығы ашылған. Сүткент ауылында спорт кешені ел игілігіне тапсырылды.
Жол инфрақұрылымы бағытында Қ.Тұрысбеков ауылдық округіндегі 10 көшеге және «Жаушықұм–Қалғансыр» аудандық маңызы бар жолына асфальт төселген. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 94 пайызға жетіп отыр.
Ауыз сумен қамту бойынша Шардара топтық су құбырының құрылысы аяқталып, 30 мыңға жуық тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар төрт елді мекендегі су жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жиында аудан әкімі Арман Қарсыбаев баяндама жасап, өңірдің негізгі даму көрсеткіштері мен жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы ақпарат берді.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Халық тарапынан инфрақұрылымды дамыту, жолдардың жағдайы, ауыз су және өзге де әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер көтерілді. Облыс әкімі тұрғындардың өтініштерін тыңдап, жауапты басшыларға оларды зерделеп, шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Жиында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясындағы жұмыстар да сөз болды. Облыс әкімі тазалықты сақтау әр тұрғынның күнделікті дағдысына айналуы керектігін айтып, «Таза аула», «Үздік көше» бастамаларын жалғастыруды тапсырды.
Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу