Түркістан облысында «Учаске» шарасы аясында мыңнан астам жадынама таратылды

Түркістан облысында 1 қыркүйектен 1 қарашаға дейін «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Бұл акцияның басты мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және полиция мен тұрғындар арасындағы сенімді нығайту.
Шара барысында учаскелік полиция инспекторлары өздеріне бекітілген аумақтарды аралап, тұрғындармен кездесіп, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Олар үйлерді аралап, азаматтарға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, интернет-алаяқтық, нашақорлық және құқықтық жауапкершілік туралы ақпарат беруде.
Мәселен, Сауран аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тұрғындарға 1000-нан астам ақпараттық жадынама мен учаскелік полицейлердің байланыс нөмірлері көрсетілген визиткаларды таратты. Бұл – кез келген тұрғынның қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына жедел түрде хабарласуына мүмкіндік береді.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар, тұрғындармен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатуға, сондай-ақ полицияның оң имиджін қалыптастыруға баса назар аударып отыр.
Тәртіп сақшылары барлық азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға белсенді араласуға, құқық бұзушылықтар туралы дер кезінде хабарлауға және қауіпсіз қоғам қалыптастыруға бірге үлес қосуға шақырады.






