«Пәтер ұтып алдыңыз»: Астанада алаяқтықпен айланысқан call орталық жойылды

Астанада полиция қызметкерлері бизнес-орталықтардың бірінде орналасқан алаяқтық сall орталықты жойды, деп жазады inbusiness.kz.
Қаскөйлер өздерін «Техносмарт», «Байзон», «Like me shop» интернет-дүкендерінің қызметкерлері ретінде таныстырып, көліктер мен пәтерлер сияқты ұтыстар туралы хабарлап, оларға салық төлеу қажет екенін айтқан.
Жедел іс-шараларды өткізу кезінде кеңсенің алты қызметкері ұсталды. Олардың барлығы Қазақстан азаматы.
Сонымен қатар, Жетісу облысында полицейлер ҰҚК қызметкерлерімен бірлесіп, интернет-алаяқтық жасау үшін sim-box құрылғысын пайдалану фактісін анықтады.
Тінту барысында 96 слоты бар жеті sim-box құрылғысы, қазақстандық ұялы операторлардың 50 мыңнан астам sim-картасы, жеті ұялы телефон, екі ноутбук, сондай-ақ қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған деп болжанған ИЖ-53 маркалы екі пневматикалық тапанша және төрт армиялық каска тәркіленді. Бұл фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.