Түркістандық оқушылар халықаралық робототехника додасында ел намысын қорғап, жүлде жеңіп алды

0
46

Түркістан облысы білім беру саласын жаңғырту, цифрлық және инженерлік дағдыларды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Өңірде оқушылардың ғылыми-зерттеу, робототехника және IT салаларына қызығушылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бастамалар өңірдің адами капиталын күшейтіп, ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды драйверіне айналып отыр.

Білім сапасын арттырумен қатар, Түркістан облысында инновациялық экожүйе қалыптастыру, STEM бағытындағы үйірмелерді кеңейту және халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысуды қолдау тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Мұндай қадамдар жастардың жаһандық еңбек нарығына бейімделуіне, жаңа технологияларды меңгеруіне және өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етуде. Осы бағытта Түркістан облысы Қазығұрт ауданының «Qazygurt» командасы Грекияның Коринф қаласында өткен Open International Championship 2026 халықаралық робототехника чемпионатында жүлделі орын иеленді.

Ауқымды жарысқа әлемнің 56 елінен жас инженерлер қатысып, Қазақстан құрамасы АҚШ, Жапония, Бразилия, Германия, Қытай, Испания және Түркия сияқты елдердің үздік командаларымен бақ сынады. Нәтижесінде қазақстандық оқушылар Champions Award номинациясы бойынша екінші орынды жеңіп алды.

Команда құрамында Бауыржанқызы Арайлым, Абдрай Ернұр, Жаркинбек Інжу, Амангельдиев Абзал, Жетпіс Ерасыл, Өтепберген Нұрбек, Айбек Еркебұлан және Кенесов Диас өнер көрсетті. Оқушылар Қ.Тұрсынқұлов атындағы мектеп-гимназиясында, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-лицейінде және А.С. Макаренко атындағы жалпы білім беретін мектептерде білім алады.

Команданың жетекшілері Бексұлтан Оразхан, Ербол Тастан, Нұрсұлтан Үстенов, Қайыркен Нышан және Қуаныш Әлімқұлұлы  еңбек етті.

«Qazygurt» командасы бұл халықаралық додаға жолдаманы Alem Tech Fest жарысында жеңіп алған. Жарыс ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен USTEM Foundation және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен. Оқушылар шамамен бір жыл бойы тыңғылықты дайындалып, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Мұндай жетістіктер Түркістан облысында білім беру сапасының артып, инновациялық бағыттардың дамып келе жатқанын көрсетеді. Робототехника мен инженерлік білім беру саласының кеңеюі өңірде жаңа технологиялық құзыреттері бар кадрлар қалыптастыруға жол ашып отыр. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының әртараптануына, цифрлық трансформацияның жеделдеуіне және болашақта жоғары технологиялы өндірістерді дамытуға негіз болады.

Жалпы алғанда, білім саласындағы осындай жетістіктер Түркістанның адами капиталын күшейтіп, өңірдің ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін беруде.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу