Түркістан: Алаяқтыққа алданбау – әр азаматтың жауапкершілігі

Бүгінде интернет кеңістігінің қарқынды дамуы – бір жағынан өмірімізді жеңілдетсе, екінші жағынан түрлі алаяқтыққа жол ашып отыр. Осыған байланысты Түркістан облысы полиция департаменті Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тұрғындар арасында интернет алаяқтықтың алдын алу бойынша кешенді түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Криминалдық полиция бөлімінің инспекторлары аудан аумағындағы базарлар мен халық көп шоғырланатын орындарды аралап, азаматтарға алаяқтықтың кең тараған түрлері, соның ішінде телефон арқылы алдау, әлеуметтік желі және онлайн сауда платформалары арқылы жасалатын қылмыстар туралы мағлұмат берді.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, көп жағдайда тұрғындар бейтаныс адамдарға банк картасының нөмірін, СМС арқылы келген құпия кодты айтып, өздерінің қаржылық қауіпсіздігін қауіпке тігуде. Алаяқтар түрлі сылтаулармен сенімге кіріп, ақша жымқырудың түрлі айла-тәсілдерін қолданады.
Осыған орай, полиция қызметкерлері азаматтарға интернет алаяқтықтың түрлері, одан сақтану жолдары және бейтаныс адамдарға банк деректерін бермеу қажеттігі жөнінде ақпарат берді.Сонымен бірге тұрғындарға сақтық шаралары жазылған үнпарақтар таратылып, ақпараттық жадынамалар ұсынды. Полицейлер тұрғындарды күмәнді сілтемелер мен хабарламаларға сенбеуге, әрдайым сақ болуға шақырды.
Одан бөлек полиция қызметкерлері ескертеді. Есепшотты бөтен адамға беру қылмыс екенін. Айта кетсек, 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап елімізде жаңа Заң күшіне енеді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне енгізілген 232-1-бапқа сәйкес, өз атына рәсімделген банк картасы мен есепшотын үшінші тұлғаға берген азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Осыған орай полицейлер ескертеді. Жаза өте қатаң екендігін. Мұндай заңбұзушылық үшін 160 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сондықтан болашағыңызды қауіпке тігіп, қылмысқа жол бермеңіз! Заңды сақтап, өзіңізді және отбасыңызды қорғаңыз.
Есіңізде болсын: «Ақша оңай келеді» деген уәделердің артында алаяқтық тұрады. Дроппер – жай ғана құрал емес, ол қылмыскердің серігі.
Сондай-ақ тұрғындарға арнайы ақпараттық парақшалар таратылып, құқық қорғау органдары тарапынан көмек қажет болған жағдайда «102» нөміріне қоңырау шалу ұсынылды.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, қоғам мүшелерінің қырағылығы мен жауапкершілігі интернет алаяқтықтың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Сондықтан әр азамат өз қауіпсіздігі үшін сергек болуға тиіс.
Қорытынды ой
Интернет – қауіпті алаңы. Ол арқылы пайда табуға, байланыс орнатып, ақпарат алуға болады. Бірақ ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз ету — әр азаматтың міндеті. Ақпараттандыру мен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы арқылы алаяқтыққа тосқауыл қоюға болады. Әркім өз қауіпсіздігін қорғап, жауапкершілікті ұмытпағаны абзал.
Алаяқтан сақтану үшін полиция бөлімінің қызметкерлері аудан-қалаларда «Кибералаяқтықтың алдын алу, қорғау, жауапкершілік» тақырыбында іс-шаралар өткізіп келеді. Мәселен, полиция интернет алаяқтыққа тосқауыл қою, халықты ақпараттандыру мақсатында Келес ауданындағы Абай орталық ауруханасына арнайы барды. Онда 30-дан астам медицина қызметкерлеріне алаяқтық қылмысынан сақтану, оның қауіп-қатерінен абай болу, айла-әрекеттеріне түсіп қалмау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қоса тәртіп сақшылары Келес ауданы аумағында күнделікті тұрғын үйлерді аралап, қоғамдық орындарда ескерту жаднамаларын таратып, профилактикалық шараларды үздіксіз атқаруда.






