Түркістан облысында «Заң мен тәртіп» қағидаты қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр

Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдама» аясында жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Одан бөлек облыста қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, тұрғындардың құқықтарын қорғау, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және әлеуметтік мәселелердің алдын алу мақсатында кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр. Осы бағытты өңір басшысының төрағалығым жиын өткізіледі.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде: «Заң мен тәртіп» қағидаты – қоғам тұрақтылығының негізі. Бұл бастаманы тек формалды деңгейде емес, білікті мамандар мен сарапшылардың қатысуымен терең, мазмұнды форматта жүзеге асыру қажет. Қоғаммен кері байланыс орнатып, халыққа тегін заңгерлік кеңестер беру жұмыстары тұрақты негізде жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін арттыру бағытындағы профилактикалық шаралар да күшейтілуі керек, – деп атап өтті.
Жиналыста құқықтық сауаттылықты арттыру, алаяқтықтың алдын алу, жастар мен әлеуметтік осал топтарға бағытталған түсіндіру жұмыстарының маңыздылығы атап өтілді. Облыстағы барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарға тұжырымдаманы тиімді жүзеге асыру тапсырылды.
Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Арман Бейсенбаев пен Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжановтың атақарылып жатқан жұмыстар бойынша баяндады. Олардың сөзінше, өңірде «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасындағы» жоспар 5 негізгі бағыттан және 55 іс-шарадан тұрады.
Полиция департаменті, сондай-ақ жергілікті атқару органдарына іс-шараның 10 тармағы белгіленген. Тиісті жұмыстар нәтижесінде өңірде 520 полицияның қоғамдық көмекшілері жұмысқа (ақылы 382, ақысыз 119) тартылып, олардың көмегімен 47 қылмыстың ізін суытпай ашуға және 1917 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Азаматтардың құқықтық санасы мен мәдениетін көтеру жөніндегі іс-шараларды іске асыру мақсатында қала, аудан, сондай-ақ шалғай ауылдарда үйме-үй аралау жұмыстары ұйымдастырылып, интернет-алаяқтық қылмысының алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Азаматтарға тегін заңгерлік кеңес беру бойынша жыл басынан 3 рет жолда қабылдау акциясы өткізілді. Есірткіге қарсы профилактикалық жұмыстар атқарылып, іс-шараларға 76 мыңнан астам оқушы мен студент, ата-аналар және жергілікті тұрғындар қатысқан.
Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, тұрғындардың құқықтарын қорғау бағытындағы жүйелі жұмыстар атқарылуда. Облыстағы білім беру ұйымдарының маңына жылдамдықты шектеуге арналған 514 дана жол белгісі, 276 жасанды жол кедергісі және жаяу жүргіншілер өткеліне 4 дана бағдаршам орнатылып, 2100 метр аяқжол мен 2 264 білім беру ұйымының алдындағы жаяу жүргіншілерге арналған жолақтары жаңартылған.
Биылғы жылға мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында «Заң мен тәртіп» қағидаларын іске асыру бойынша Қоғамдық даму басқармасы және аудан, қала әкімдіктері тарапынан 21 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның ішінде «Қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы қызметті ұйымдастыру», «Қаржылық сауаттылықты арттыру және борышкерлерге құқықтық қолдау көрсету», «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды қайта әлеуметтендіру процесіне тарту» жобалары және өзге де бастамалар бар. Сонымен бірге жыл басынан бері 17 аудан, қалада халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында «Аманат» партиясымен бірлесіп атқарылып жатқан «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында қаржы сарапшылары 3494 азаматты онлайн, 2378 азаматты оффлайн форматта оқытты.






