Нұралхан Көшеров: Экономиканы әртараптандыру – стратегиялық міндет

Түркістан облысы, Бәйдібек ауданының даму жолы айқын. Ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, әлеметтік-экономикалық дамуы, туризм және инфрақұрылым – ауданның негізгі тірек салалары болмақ. Бұл бағыттағы жұмыстар нақты нәтижеге бағытталып, әрбір ауылдық округ әкімінің жауапкершілігі күшейтіледі. Осы орайда
Бәйдібек ауданына жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аудан активімен маңызды жиын өткізді. Басқосуда аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен негізгі проблемалар, сондай-ақ олардың шешу жолдары жан-жақты сараланды. Аймақ басшысы ауылдық округ әкімдері мен басқарма жетекшілеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеп, ауданның даму бағытын айқындап берді.
Аймақ басшысы салық түсімдерін арттыру, кірістерді заңдастыру, ауылдық округтердің қаржылық тәуелділігін азайту, сондай-ақ жергілікті жобаларды іске асыру бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібіндегі көрсеткіштердің төмендігі ерекше назар аударуды қажет ететіндігін атап өтті. Сондай-ақ «Өзін-өзі қамтамасыз ету жол картасы» аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар да мардымсыз деп бағаланды.
Отырыста мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына жан-жақты талдау жасалды.
Өңір басшысы актив отырысында жетістіктерден бұрын, нақты мәселелерге басымдық беру қажеттігін айтты. Ауыл әкімдерінің жұмысын сынға алып, көрсеткіштері төмен округтердің басшыларынан жеке-жеке жауап алды. Мал шаруашылығы мен өзге де экономикалық индикаторлардың орындалуы бойынша нақты мәліметтер талап етілді.
– Бюджетке тәуелділікті біртіндеп азайту қажет. Әрбір ауылдық округ әкімдері нақты нәтижеге жұмыс істеуі тиіс. Экономиканы әртараптандыру – стратегиялық міндет. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Тек өз жұмысына салғырт қарауға болмайды, – деді өңір басшысы.
Ол сондай-ақ инвесторларды тарту үшін белсенді әрекет қажет екенін, жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы жұмыс орындарын көбейту керектігін баса айтты. Кездесу барысында Бәйдібек ауданының туризм саласындағы әлеуеті де кеңінен сөз болды. Облыс әкімі туристік нысандардың инфрақұрылымын жақсартуға, тазалық пен қызмет көрсету сапасына ерекше мән беруді тапсырды.
Басқосу соңында ауданның санитарлық жағдайына да тоқталды. Арнайы тексерулер жүргізілетіні, нәтижесінде тазалық жұмыстары дұрыс ұйымдастырылмаған ауыл округтерінің әкімдеріне тәртіптік шаралар қолданылатыны ескертілді.
Жиында Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев ауданның қазіргі ахуалы бойынша баяндама жасап, басқарма басшылары өз салалары бойынша ұсыныс-пікірлерін айтты.
Нұралхан Көшеров барлық деңгейдегі басшыларды бірігіп жұмыс істеуге шақырды. Мәслихат депутаттарына аудан әкімдігімен бірлесіп, инвестициялық жобаларды қолдауға белсене араласу, өз округтеріндегі әлеуетті жобаларды зерделеу міндеті жүктелді. Ендігі міндет – тапсырмаларды сапалы әрі уақытылы орындау арқылы аудан халқының тұрмыс сапасын арттыру.