Түрік инвесторлары Жетісай ауданына көкөніс сақтау қоймасын салуды көздеп отыр

0
34

Түркістан облысы, Жетісай ауданында ауыл шаруашылығын дамыту мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары қарқын алуда. Бұл бағыттағы шаралар Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті қолдау және өңірлерге инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда.

Соңғы 5 жылда Түркістан облысы, Жетісай ауданына 90,2 млрд теңгенің инвестициясы тартылды. 2030 жылы бұл көрсеткішті 419,6 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда. Былтырдың өзінде жалпы құны 4,3 млрд теңгені құрайтын 8 жоба іске асырылып, 262 жаңа жұмыс орны ашылды.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің инвестиция тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша

тапсырмасын жүзеге асыру аясында  аудан әкімі Серік Мамытов түрік инвесторларымен кездесті.

«Горкем Тарым» компаниясының басшысы Горкемоглу Факуруллахпен кездесу барысында қос тарап өндірістік жылыжай мен көкөніс сақтау қоймасын салу, ауданда өндірілетін жеміс-жидектерді шет елдерге экспорттау, бау-бақша өсіру және мол өнім беретін көшеттерді тасымалдау секілді мәселелерді талқылады. Аталған инвестициялық жобалар – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосатын болады.

Аудан әкімі Серік Үсенұлы негізгі табысын ауыл шаруашылығы саласы құрайтын ауданда қайта өңдеу кәсіпорындарын ашу мүмкіндігі мол екенін, шаруалар мақтамен қатар бақша өнімдерін де көптеп егетінін, шикізат тапшылығы сезілмейтінін айтып, аудан экономикасының артуына септігін тигізетін кез-келген инвестициялық жобаларға заң аясында қолдау көрсетуге, тиісті жұмыстардың ешбір кедергісіз жүргізілуіне ықпал етуге дайын екенін жеткізді.

Аудан әкімі өз сөзінде: «Біз үшін ауданның дамуына, тұрғындардың жұмыспен қамтылуына қаржы салатын әрбір инвестор маңызды. Өйткені, инвестиция тарту арқылы кәсіпорындар ашылып, тұрғындардың тұрмыстық жағдайы жақсарады. Қос тарап өз шарттарын айтты, енді ортақ келісімге келу жұмыстары жүретін болады. Біз қабылдайтын шешім бірінші кезекте аудан үшін тиімді болуы керек» деп атап өтті.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу