Су ресурстарын басқару – Түркістан облысының агроэкономикасының негізі

Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Қарақұм ауылында орналасқан «Тұран су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының базасында параболалық бетон лотоктар шығаратын жаңа зауыт іске қосылды. Аталған жоба – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды қадамдардың бірі. Су ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылған жоба.
Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласында тағы бір маңызды қадам жасалды. Ордабасы ауданы, Қарақұм ауылында орналасқан «Тұран су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны базасында суару жүйелеріне арналған параболалық бетон лотоктар шығаратын өндіріс іске қосылды. Жобаның мақсаты – су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтып қана қоймай, экспорт әлеуетін де арттыру.
Жаңа өндіріс ошағы тәулігіне 45 дана ЛР6, ЛР8 және ЛР10 маркалы параболалық бетон лоток шығаруға қауқарлы. Мұндай лотоктар каналдарға орнатылғанда су шығынын 40%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде еліміздің су ресурстарын үнемдеуге бағытталған нақты әрі тиімді шешім болып отыр.
350 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылған зауытта 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Өнімнің нарықтағы бағадан 20-30 пайызға арзан болуы жергілікті шаруалар мен су шаруашылығы құрылымдары үшін үлкен қолдау саналады. Сонымен қатар, зауыт өнімдерін алдағы уақытта ішкі нарықпен қатар Еуропа елдеріне және Қытайға экспорттау жоспарлануда.
Зауыттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жаңа өндіріс орнының аймақ экономикасына қосар үлесін ерекше атап өтті. Аймақ басшысы бұл жобаның ауылдық елді мекендердің дамуы мен тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту жолындағы маңызын атап өтіп, осындай бастамалардың өңірлік тұрақтылыққа жол ашатынын жеткізді.
Айта кетейік, «Тұран су» кәсіпорны – өңірдегі стратегиялық су нысандарын басқаратын ірі мекеме. Қазіргі таңда оның теңгерімінде 20 су қоймасы, 3 су торабы, 110 канал және 1400 шақырымнан астам су жүйесі бар. Кәсіпорын 108,1 мың гектар егістік алқапты ағын сумен қамтамасыз етіп отыр.
Жаңа өндіріс орны Түркістан облысының су үнемдеу технологияларын енгізу жолындағы кешенді жұмыстарының бір бөлігі болып табылады. Облыс әкімдігінің қолдауымен соңғы жылдары су инфрақұрылымын жаңғырту бағытында бірнеше ірі жоба жүзеге асып келеді. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығында өнімділік артып, су ресурстарын пайдалану көрсеткіші айтарлықтай жақсаруда.
Бұл жоба – отандық өндірісті дамыту, экспорттық әлеуетті арттыру және ауыл шаруашылығында технологиялық жаңғыруды қамтамасыз ету жолындағы нақты әрі нәтижелі бастама.
«Тұран су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны. 2019 жылы құрылған бұл мекеме бүгінде өңірдің стратегиялық су нысандарын басқарып, егістік алқаптарды ағын сумен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарып келеді.
Кәсіпорынның теңгерімінде бүгінде 20 су қоймасы, 3 су торабы, 110 канал (жалпы ұзындығы 1 400 шақырым), 3 өндірістік-техникалық база және 81 арнайы техника бар. «Тұран су» мекемесі арқылы облыстағы 108,1 мың гектар егістік алқапқа су жеткізіледі. 400-ден астам маман еңбек ететін кәсіпорын – облыстың аграрлық тұрақтылығының негізі.
Облыс әкімдігінің қолдауымен су шаруашылығын жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Соңғы кезеңде 3,6 млрд теңгеге 60 арнайы техника сатып алынып, оның 24-і аудан, қала әкімдіктеріне таратылды. Бұл техникалар арқылы 1 200 шақырым канал мен қашыртқылар тазартып, су айналымын жақсартуға мүмкіндік берді.
2024 жылы іске қосылған 650 млн теңгелік «Су үнемдеу технологиясы өндіріс желісі» жылына 9 мың гектарға дейін егістікке қызмет көрсетуде. Сондай-ақ жаңадан іске қосылған параболалық бетон лотоктар шығаратын өндіріс орны — өңірдегі су үнемдеу бастамасының тағы бір маңызды нәтижесі. Бұл өндірістік база арқылы тәулігіне 45 дана лоток шығарылып, ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеует те қарастырылып отыр.
Су инфрақұрылымын жаңғырту ісі халықаралық деңгейде де қолдау тауып отыр. Ислам даму банкінің қаржыландыруымен 63,2 млрд теңгеге 11 жоба іске асырылып жатыр. Бұл жобалар аясында 130 шақырым канал бетонмен қапталып, 10,1 мың гектар жерді ағын сумен қамту жоспарланған. Сонымен қатар, 73,6 млрд теңгеге 14 жаңа жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл жұмыстар нәтижесінде тағы 166 шақырым канал жаңартылып, 53,3 мың гектар суармалы жердің су өткізу қабілеті артады.
Осы жүйелі жұмыстардың барлығы Түркістан облысын су үнемдеудің заманауи технологияларына негізделген аграрлық өңір ретінде қалыптастырып, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына және еңбек өнімділігінің артуына ықпал етпек.