Түркістан облысының экономикалық өсімі 119,4% -ға жетіп, республикада 2-орынды иеленді

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Біріккен Ұлттар Ұйымының даму құқығы мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы Сурья Девамен кездесті. Басқосуда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрақты даму мақсаттарын (SDG) іске асыру, экологиялық саясат және халықаралық тәжірибені енгізу мәселелері жан-жақты талқыланды.
Тараптар өңірдің қазіргі даму динамикасын, экономикалық өсім көрсеткіштерін және әлеуметтік салалардағы реформалардың нәтижелерін қарастырды. Бүгінде Түркістан облысы инвестиция тарту, өнеркәсіпті дамыту, ауыл шаруашылығын жаңғырту және инфрақұрылымды жетілдіру бағыттарында тұрақты өсім көрсетіп келеді. Бұл жұмыстар өңір экономикасын әртараптандыруға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей ықпал етуде.
Облыс әкімінің орынбасары Түркістан өңірі БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға ерекше мән беретінін атап өтіп, Түркістан облысы әлеуметтік-экономикалық дамуды тұрақты даму қағидаттарымен үйлестіре отырып жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, басты мақсатымыз – экономикалық өсімді қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік әділеттілікті күшейту, экологиялық қауіпсіздікті сақтау және халықтың әл-ауқатын арттыру. 2026 жылғы 1 наурыздағы мәлімет бойынша облыс халқы 2 146,7 мың адамды құрап отыр. Осы көрсеткіштің өзі өңірдің демографиялық және еңбек ресурстық әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.
Айта кетейік, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында Түркістан облысы 119,4% деңгейінде қысқа мерзімді экономикалық өсім көрсетіп, республика бойынша 2-орынды иеленді. Бұл өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларындағы белсенділіктің артуымен байланысты. Сонымен қатар өңірде инвестициялық жобалардың көбеюі жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті бюджет кірістерінің артуына ықпал етуде.
Кездесу барысында экологиялық тұрақтылық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Өңірде «жасыл экономика» қағидаттарын енгізу, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, қалдықтарды азайту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл бастамалар ұзақ мерзімді перспективада өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар әлеуметтік даму және инклюзивті саясат мәселелері де талқыланды. Облыста азаматтардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыру бағытында кешенді реформалар жүргізілуде.
Гендерлік теңдік мәселесі де күн тәртібінен тыс қалмады. Түркістан облысы – еліміздегі демографиялық өсімі жоғары өңірлердің бірі. Бүгінде мемлекеттік қызмет саласында әйелдердің үлесі 28,1%-ды құрап, 1 572 әйел түрлі деңгейдегі лауазымдарда қызмет атқаруда, оның ішінде 233-і басшылық қызметте. Ал кәсіпкерлік секторда әйелдердің үлесі 43,1%-ға жетіп отыр, бұл өңірдегі экономикалық белсенділіктің артып келе жатқанын көрсетеді.
Жиында азаматтық қоғам институттарын дамыту, отбасы құндылықтарын нығайту, жастар саясатын жетілдіру және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мәселелері де кеңінен сөз болды.
Кездесу соңында Ертай Кенжебайұлы БҰҰ арнайы баяндамашысының ұсыныстары мен халықаралық тәжірибесі өңірдің даму стратегиясын жетілдіруге маңызды үлес қосатынын атап өтіп, мұндай әріптестіктің жалғасуы Түркістан облысының жаһандық деңгейдегі ынтымақтастығын нығайта түсетінін жеткізді.
Тараптар тұрақты даму бағытындағы бірлескен жұмыстарды жалғастыруға және өзара тәжірибе алмасуды кеңейтуге ниетті екенін растады.
Айта кетейік,
Түркістан облысы әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын үдетіп, ел экономикасындағы жетекші өңірлердің қатарынан орын алып отыр. 2026 жылдың алғашқы айларындағы көрсеткіштер өңірдің негізгі салаларда тұрақты өсімге қол жеткізгенін және даму динамикасының жоғары деңгейде сақталып отырғанын айғақтайды.
Атап айтқанда, қысқа мерзімді экономикалық өсім 119,4%-ды құрап, Түркістан облысы республика көлемінде 2-орынды иеленді. Бұл – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту, құрылыс және қызмет көрсету салаларындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Өңір экономикасының құрылымында өндірістік сектордың үлесі артып келеді. Соңғы жылдары іске асырылған инвестициялық жобалар жаңа өндіріс орындарының ашылуына, өңдеу өнеркәсібінің дамуына және қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға ықпал етуде.
Ауыл шаруашылығы саласы да облыс экономикасының негізгі драйверлерінің бірі ретінде тұрақты даму үстінде. Суармалы егіншілік, жылыжай шаруашылығы және мал шаруашылығы бағыттарында өндіріс көлемі артып, ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар экспорттық әлеует те кеңеюде.
Инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілуде. Өңірде индустриялық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтар арқылы инвесторларға қолайлы жағдай жасалып, жаңа жобаларды іске асыруға инфрақұрылымдық қолдау көрсетілуде. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың табысын арттыруға ықпал етуде.
Әлеуметтік салада да оң өзгерістер байқалады. Білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылым және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағыттарында ауқымды жобалар жүзеге асырылып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға басымдық берілген.
Жалпы алғанда, Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты сипат алып, өңірдің инвестициялық тартымдылығы мен өндірістік әлеуеті артып келеді. Қол жеткізілген нәтижелер алдағы кезеңде де экономикалық өсімді сақтап, өңірді елдің ең қарқынды дамып келе жатқан аймақтарының біріне айналдыруға негіз болмақ.






