Заң мен тәртіп: Түркістан облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен балалар музыка мектебі салынып жатыр

Түркістан облысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, заң аясында мемлекет меншігіне қайтарылған активтер әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуға жұмсалуда.
Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында балаларға арналған жаңа музыка мектебінің құрылысы жүргізілуде. Жоба Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті мен республикалық бюджет комиссиясының шешімі негізінде қаржыландырылуда. Арнаулы мемлекеттік қор есебінен бөлінген қаржы көлемі – 889,2 млн теңге.
Бұл жоба – жас ұрпақтың шығармашылығын дамытуға, сапалы қосымша біліммен қамтуға жасалған нақты қадам. Музыка мектебі заманауи талаптарға сай салынып, арнайы оқу кабинеттері мен жаттығу залдарымен жабдықталатын болады.
Түркістан облысында бұған дейін де мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен әлеуметтік нысандар бой көтеріп, халықтың игілігіне берілген. Бұл – әділдік пен даму жолындағы нақты нәтиже.
Нысанның құрылысы осы жылдың сәуір айында басталды. Құрылыс жұмыстарын Түркістан облысының құрылыс басқармасының тапсырысымен «Намыс» ЖШС жүргізуде. Құрылыс жұмыстарының сапалы әрі мерзімінде аяқталуы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті бақылауында.
Жоба бойынша балалар музыка мектебінде 150 көрерменге арналған концерт залы, топтық үйірмелермен айналысатын кабинет, дайындық залы, халық аспаптарына арналған 2 кабинет, ән жазу студиясы, демалуға арналған кабинеттер, гардероб және 8 орынға арналған кітапхана залы қарастырылған.
Қазіргі уақытта ғимараттың іргетасын құю, 1-2 қабаттың кірпіш қалау жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар ішкі баспалдақтардың бетоны құйылып, қабатаралық плиталары орнатылды. Шатыр жабу жұмыстары аяқталып, инженерлік жүйелері толығық тартылды. Ал, сыртқы инженерлік жүйелеріндегі жұмыстар 90%-ға орындалған. Қазіргі таңда ішкі әрлеу, сыртқы қасбетін қаптау және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, нысанның құрылыс жұмыстары 75 %-ға орындалды. Ғимаратты осы жылдың қараша айына дейін пайдалануға беру көзделуде.
Елімізде заңсыз иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасатын болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бұл қаражат бүкіл ел бойынша жүздеген әлеуметтік нысан құрылысы мен жаңғырту жұмыстарына бағытталуда.