Түркістан облысында Қажымұқан Мұңайтпасұлына арналған мәдени-спорт кешені ашылды

0
34

Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында әлеуметтік-экономикалық даму бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Өңірде халықтың өмір сүру сапасын арттыру, қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру және әлеуметтік нысандардың санын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Солардың бірі – Ордабасы ауданы, Темірлан елді мекенінде бой көтерген Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы жаңа мәдени-спорт кешені. Атақты балуанның есімі берілген бұл заманауи нысан ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын ұстануына зор мүмкіндік береді.

Кешенде спортпен шұғылдануға арналған жаттығу залдары, күрес және бокс залдары, мәдени іс-шараларға арналған көпфункционалды зал қарастырылған. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындардың шығармашылық және спорттық әлеуетін арттыруға бағытталған үйірмелер мен секциялар жұмыс істейтін болады.

Жоба Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып, қысқа мерзім ішінде аяқталды. Бұл нысан – тек спорт инфрақұрылымын дамыту ғана емес, ел тарихында өшпес із қалдырған Қажымұқан Мұңайтпасұлының рухына тағзым іспетті.

Ел игілігіне берілген нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, тұрғындардың қуанышын бөлісіп, көпшілікті маңызды нысанның ашылуымен құттықтады.

– Бүгін біз киелі Ордабасы ауданындағы заманауи спорт кешенінің ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Қазақ батыры Қажымұқан Мұңайтпасовтың есімі берілген бұл кешен тек спорт пен мәдениеттің орны ғана емес, сонымен қатар бабамызға деген құрметтің белгісі. Балуан бабамыз өмірінің соңғы кездерін осы мекенде өткізген. Оның кесенесі де осы аумақта орналасқан. Бұл игі бастама бабамыздың спорттағы ұлы жетістігін  ұрпаққа үлгі етуге бағытталған. Ең алдымен осындай ауқымды кешеннің құрылысына бастамашы болған азаматтарға алғысымды білдіремін. Спорт кешені ел игілігіне нәтижелі қызмет етіп, осы кешеннен елдің абыройын асқақтатар жаңа чемпиондар шығады деп сенемін! – деді ол.

Салауатты өмір салтын насихаттау, мәдениет пен туризмді дамыту және тұрғындардың спортпен айналысуына жағдай жасау — Мемлекет басшысы баса назар аударған ұлттық басымдықтардың бірі. Бұл бағытта өңірімізде ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінгі мәдени-спорт кешенінің ашылуы —өңірімізде спорт пен мәдениетті, сонымен қатар туризмді дамытуға жасалған маңызды қадам.

Нұралхан Көшеров Қажымұқан Мұңайтпасовтың ұрпағымен кездесіп, пікірлесті. Құрмет кітабына ізгі тілегін жазып, қолтаңбасын қалдырды.

Нысан құрылысын «Ордабасы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ тапсырысымен «Авторемстрой ЛТД» ЖШС жүргізді. 5 гектар аумақта орналасқан ғимараттың жалпы ауданы – 3 622 шаршы метр. Жоба құны – 1,3 млрд. теңге.

Мәдени-спорт кешені 3 ғимараттан тұрады. Мұнда мұражай, кітапхана, көрме залы, асхана, конференция залы, спорт орталығы, спортшылар киім ауыстыратын және басқа да қажетті бөлмелер қарастырылған. 148 орындық амфитеатр стилінде салынған кешенде ауылдық, аудандық, облыстық және республикалық деңгейлерде күрестің кәсіпқой және олимпиадалық түрлері: еркін күрес, дзюдо, қазақша күрес, самбо күресінен жарыстар өткізуге мүмкіндік бар.     

Халықаралық автожол бойында салынған заманауи кешенде туристер үшін де барлық жағдай қарастырылған. Ғимарат ішіндегі 138 орындық конференция залы, 48 орындық асхана мен 126 адамға лайықталған шағын көрме залы, кітапхана туристер үшін тәулік бойы қызмет көрсетеді.

Кешеннің ашылуы жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш болды. Бұл нысан жасөспірімдер мен жастарды спортқа баулып қана қоймай, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, аудан тұрғындары үшін мәдени шаралар ұйымдастыруға да қолайлы жағдай туындайды.

Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы кешен – тек Ордабасы емес, жалпы Түркістан өңірі үшін әлеуметтік маңызы зор жобалардың бірі. Бұл – халықтың сұранысына негізделген, ұлт денсаулығына бағытталған нақты қадам. Нысанның құрылысы облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып, Мемлекет басшысының өңірлерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында орындалды.

Алдағы уақытта осындай спорт және мәдени нысандар өңірдің өзге де аудандарында бой көтермек. Бұл – Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты істердің нәтижесі.

Бүгінгі таңда Ордабасы ауданында спортпен тұрақты түрде аудан  халқының 42 пайызы, яғни 53748 адам шұғылданады. Ал, ауданда спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі 47 пайызды құрайды.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу