Түркістан облысында құны 86,5 млрд теңге болатын ірі өндіріс кешенің құрлысы жүргізілуде

0
34

Түркістан облысында жалпы құны 86,5 млрд теңгені құрайтын ірі тоқыма кластерінің құрылысы жүріп жатыр. «Turkistan Textile» атауын алған өндіріс кешені іске қосылғаннан кейін 2345 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, Қазақстандағы ең ірі тоқыма жобаларының бірі болмақ.

Жоба толық өндірістік циклге негізделген: элиталық сұрыпты мақта тұқымын өсіруден бастап, жіп иіру, мата тоқу, тігін және дайын өнім шығару жұмыстары бір орталықта жүргізіледі. Өнім ішкі нарықпен қатар экспортқа да бағытталады. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қосылған құны жоғары өнім өндіру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан бастама. Президент тапсырмасына сай өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға және экономиканы әртараптандыруға  бағытталған нақты қадам.

 – Біз шикізатты тек өсіріп қана қоймай, оны толық өңдеп, қосылған құны жоғары өнімге айналдыруымыз қажет. Бұл – Президент тапсырмасы. Түркістан облысы мақта егетін жалғыз өңір. Ендеше, тоқыма кластері осы саланың болашағын анықтайтын маңызды тетік болады. Біз бұл жобаны жіті бақылауда ұстаймыз, – деген облыс әкімі Нұралхан Көшеров мақта кластерінің экономикалық мән-маңызын атап өтіп, сапалы әрі жедел іске асыруды тапсырды.

Кешен іске қосылғаннан кейін жергілікті мақта өндірушілер үшін тұрақты өткізу нарығы қалыптасады. Сонымен қатар, бұл жоба облыстың ІЖӨ-сінің артуына, салық базасының кеңеюіне, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне тікелей ықпал етеді.

Қазіргі таңда өндірістік корпустар мен жұмысшылар жатақханасының құрылысы аяқталуға жақын. Бірінші кезеңі биыл іске қосылады, ал қалғаны 2026 жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен жүзеге асады.

Инвестицияны халықаралық деңгейдегі жеңіл өнеркәсіп саласындағы ірі инвестор – Қытайлық «Lihua Group» компаниясы қаржыландырып отыр.

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп қатар дамытып келеді. Соңғы жылдары бұл өңірде агроөнеркәсіп кешенін қайта өңдеуге басымдық беріліп, жаңа өндірістік қуаттар іске қосылуда. Бұл еліміздегі ең ірі тоқыма кластерлерінің бірі болмақ

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу