Түркістан облысында бірқатар әлеуметтік нысан салынбақ

Түркістан облысында бірқатар әлеуметтік нысан салу жоспарлануда. Осы мақсатта Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласындағы бірқатар жобалармен танысып, жоспарланған ғимараттардың орналасу аумағын аралады.
Жауапты сала басшылары мен қала әкімі облыс орталығында жаңа ғимараттар салу бойынша ұсыныстарын жеткізіп, жобаларды таныстырды.
Өңір басшысы алдымен облыс орталығындағы М.Абенова мен Тоған көшелерінің қиылысында орналасатын жаңа қалалық әкімдік ғимаратын салу жобасымен танысты. Жаңа нысан рухани-мəдени орталықтағы 1,4 гектар аумақта бой көтереді деп жоспарланған. Жоба бойынша ғимараттың сыртқы қасбеті іргелес орналасқан «Караван сарай» жəне «Қол өнершілер орталығы» кешендерінің жобаларымен үйлесімді етіп жасалған. Құрылыс жұмыстарын 14 ай көлемінде аяқтау көзделген.
Өңір басшысы жобалармен танысу барысында: «Басты мақсат – халықтың өмір сапасын арттыру, қолайлы орта қалыптастыру. Жобалар ел мүддесіне толық қызмет етуі тиіс» деп атап өтті. Сондай-ақ жоспарланған әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарының ашықтығын және қатаң бақылауда болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Өңір басшысына сондай-ақ Есімхан алаңының маңында «Руханият орталығы» нысанын салу туралы ұсыныс айтылып, жобасы таныстырылды. Орталықты 0,44 гектар аумаққа орналастыру жоспарлануда. Екі қабатты ғимараттың құрылыс жұмыстарын 7 ай көлемінде аяқтау жоспарлануда.
Аймақ басшысы Н.Төреқұлов көшесіне барып, «Асыл мұра» саябағын салу жобасымен танысты. Саябақты 6,2 гектар жерге орналастыру жоспарлануда. Мұнда 4,2 гектар аумақ абаттандырылмақ. Құрылыс жұмыстары 10 ай көлемінде аяқталады деп күтілуде.