Қытайлық алпауыт компания өңірде тыңайтқыш өндіретін зауыт салуға ниетті

Түркістан облысында шетелдік инвестиция тарту жұмыстары қарқын алып келеді. Қытайдың ауыл шаруашылығы мен тыңайтқыш өндірісі саласындағы жетекші компанияларының бірі өңірде құны 800 миллион АҚШ долларынан асатын тыңайтқыш зауытын салуға ниетті.
Осыған байланысты Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытайлық инвесторлармен арнайы кездесу өткізіп, жобаның негізгі тетіктерін талқылады. Басқосу барысында зауыт құрылысына қажетті логистикалық және инженерлік инфрақұрылым, кадр мәселесі мен өндіріс қуаттылығы жан-жақты пысықталды.
Ауқымды жоба өңірдің индустриялық-инновациялық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және аграрлық секторды сапалы тыңайтқышпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, экспорттық бағытта жұмыс істейтін зауыт Түркістанды халықаралық агроөнеркәсіптік хаб ретінде дамытуға жол ашады. Бұл бастама – Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін ірі инвестициялық жобалардың бірі болмақ.
Аталған зауыт іске қосылған жағдайда, Түркістан облысында жылына 2 миллион тоннаға дейін тыңайтқыш өндіру мүмкіндігі туындайды. Бұл – тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның агроөнеркәсіп кешені үшін стратегиялық жоба болмақ. Жоба облыстың индустриялық-инвестициялық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін еселеуге ықпал етеді.
Нұралхан Көшеров кездесуде шетелдік әріптестерге нақты басымдықтарды атап өтті. Жоба аясында өндірісте экологиялық қауіпсіз, энергия үнемдейтін, ең бастысы, су ресурстарын тиімді пайдаланатын технологиялар енгізудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы үшін табиғи-климаттық, ресурстық және инфрақұрылымдық тұрғыда ең қолайлы өңір.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін арттыруда тыңайтқыш қолдану шешуші рөл атқарады. Аталған зауыт іске қосылғанда шаруалар қолжетімді әрі сапалы тыңайтқышпен қамтылады, ішкі нарық қажеттілігі толық өтеліп, экспорттық әлеует қалыптасады, 2 000-нан астам тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Қосалқы өндірістер, логистика, қойма, қызмет көрсету салалары да даму серпінін алады.






