Түркістан: Ертай Алтаев триатлон федерациясының бас хатшысымен жүздесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға уағдаласты

0
56

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Қазақстан триатлон федерациясының бас хатшысы Сергей Майермен кездесті. Басқосуда өңірде триатлон спортын дамыту, халықаралық, республикалық жарыстарды ұйымдастыру және Азия кубогын Түркістанда өткізу мәселелерін талқылады.

Облыс әкімінің орынбасары облыста спорт саласы қарқынды дамып келе жатқанын айтып, соның ішінде триатлон спортына ерекше көңіл бөлінгенін жеткізді. Ол өз сөзінде: «Түркі елдерінің рухани астанасы Түркістан қаласына қош келдіңіз! Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласына ерекше көңіл бөліп, қажетті қолдауды көрсетуде. Облыста осы бағытта тиісті жұмыстар жүруде. Триатлон – бұл үш циклдық спорт түрінен, яғни, жүзу, велоспорт және жүгіруден тұратын қиын спорт түрі. Өңірде бұл спорт түрі белсенді дамып келе жатыр. Спорт саласын дамыту бағытындағы ұсыныстарға ашықпыз» деп атап өтті.

Сергей Майер федерацияның жетістіктерімен бөлісіп, алдағы мақсаттары туралы баяндады. Сондай-ақ жақында Түркістан қаласында өткізілуі жоспарланған триатлоннан Азия кубогын жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін дайындық жүріп жатқандығын жеткізді.

Екі тарап триатлонды дамыту мен насихаттауға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ бұл спорт түрін кеңінен қолдау арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыруға, жастардың спортқа қызығушылығын арттыруға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға уағдаласты.

Айта кетсек, өткен жылы облыстың триатлоншылары республикалық және халықаралық жарыстарда 1 алтын, 3 күміс, 4 қола еншіледі.

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу