Мереке қарсаңындағы мейірімділік: Патрульдік полиция қызметкерлері ұстаздар мен оқушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады

Түркістан облысында ұстаздар күніне орай ерекше мазмұндағы шара өтті. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында облыстық Полиция департаментінің Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Ордабасы ауданындағы Шоқан Уалиханов атындағы мектеп-гимназиясының ұжымын кәсіби мерекесімен құттықтап, құрмет көрсетті.
Мейірімділікке толы кездесу барысында тәртіп сақшылары білім мен тәрбие ісіне үлес қосып жүрген ұстаздарға жылы лебіздерін білдіріп, олардың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті. Мұғалімдерге гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар тарту етілді.
Шара барысында оқушылармен де ашық сұқбат ұйымдастырылып, олардың полиция қызметі туралы көзқарасын қалыптастыруға бағытталған танымдық кездесу өтті. Балаларға полиция қызметкерлерінің күнделікті атқаратын міндеттері, қызметтік көліктері мен арнайы құрал-жабдықтары таныстырылып, жол қозғалысы ережелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Бұл кездесу – балалардың құқықтық мәдениетін арттырып қана қоймай, олардың бойында патриоттық сезімді де қалыптастыруға бағытталды. «Бүгінгі бала – ертеңгі ел қорғаушысы» десек, жас ұрпақтың бойына тәртіп пен жауапкершілік дәнін егу – болашақтың кепілі.
Мереке қарсаңындағы осындай мейірімді кездесулер қоғамда жылулық пен сенім ахуалын қалыптастырып, тәртіп сақшылары мен халық арасындағы өзара түсіністікті нығайта түседі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар алдағы уақытта облыстың басқа мектептерінде де жалғасын табатын болады.






