Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров Түлкібас ауданына барып, әлеуметтік-экономикалық дамытудың жаңа бағыттарын айқындады

0
53

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Түлкібас ауданына барып, аудан активімен кездесті. Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, өзекті мәселелер мен болашақтағы міндеттер жан-жақты қаралды.

Кездесу барысында облыс әкімі мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын нақты көрсеткіштермен саралап, инфрақұрылымды дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру, экономика салаларын әртараптандыру және туризмді ілгерілету бойынша нақты тапсырмалар берді.

Аудан әкімі Асқар Естібаев өңірдің даму барысы жайында есеп беріп, тиісті басқарма басшылары өз салалары бойынша ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Өз сөзінде Нұралхан Көшеров  өңірдің әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктеріне ерекше тоқталды.

-Түлкібас ауданының географиялық орналасуы – экономика мен сауданы дамытуға таптырмас мүмкіндік. Өндіріс, ауыл шаруашылығы және туризм – негізгі басымдықтар қатарында. Инвестициялық жобаларды уақытылы әрі сапалы жүзеге асыру – басты міндет. Мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау бар. Ауданның әлеуеті жоғары, мүмкіндігі мол. Ендігі кезекте ауыл әкімдері де жауапкершілікті сезініп, салғырттыққа жол бермеуі керек, – деді ол.

Сондай-ақ облыс әкімі салық түсімдерін арттыру, кірістерді заңдастыру, ауылдық округтердегі қаржылық тәуелділікті азайту және жергілікті жобаларды іске асыру бағытында нақты тапсырмалар берді.
Кездесу барысында туризм саласын дамыту мәселесі де кеңінен талқыланды. Облыс әкімі Түлкібас ауданының туризм саласындағы үлесін арттыруды тапсырды. Ақсу шатқалында экотуризмді әлемдік тәжірибеге сүйене отырып дамыту қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар туристік аймақтардың тазалығы мен қызмет көрсету сапасына ерекше мән беру туралы нақты талап қойды.
Айта кетейік, биыл туризм саласына 150,5 млн теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. Сонымен бірге, аудан аумағындағы тарихи-мәдени орындарға келушілердің нақты есебін жүргізу қажеттігі де баса айтылды. 2025 жылдың алғашқы алты айында Түлкібас ауданының жалпы өңірлік өнім көлемі 37,3 млрд теңгені құрап, 19,6%-ға артқан. Оның ішінде 47,4%-ы – ауыл шаруашылығына, 25,3%-ы – өнеркәсіпке, 17,5%-ы – саудаға, 9,8%-ы құрылыс саласына тиесілі.
Жан басына шаққандағы ЖӨӨ 356 мың теңгеге жетіп, 49,6% өсім көрсеткен. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі – 17,7 млрд теңге, оның ішінде мал шаруашылығының үлесі – 17,2 млрд теңге. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнім көлемін 59,6 млрд теңгеге жеткізу жоспарлануда.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров мемлекеттік бағдарламаларды тиімді іске асыру, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу жұмыстарын жандандыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар халықтың өмір сүру сапасын арттыру жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеті екенін еске салды.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров  коммуналдық сала қызметкерлеріне техникалар табыстады. Бұл арнайы техникалар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тазалық жұмыстарына бағытталады.

Облыс әкімі сала қызметкерлерінің атқарып жатқан жұмыстарына алғыс білдіріп, техника кілттерін табыстап,  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» бағдарламасы қарқынды іске асырылып жатқанын атап өтті.

– Бұл – қоршаған ортаны қорғауға, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды бастама. Аталған бағдарлама аясында облысымыздың аудан, қала тұрғындары белсенділік танытып, тазалық жұмыстарына жанашырлықпен атсалысуда. Баршаңызға осы ортақ іске қосқан үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Президентіміз айтқандай, «Таза Қазақстан» – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз». Қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналу қажет. Тазалық жұмыстарын одан әрі жетілдіру мақсатында облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, бүгін коммуналдық қызметке жаңа техникалардың кілтін тапсырудамыз. Бұл техникалар өңіріміздің таза, көрікті, жайлы болуына зор үлес қосады деп сенеміз. Сіздердің ел мүддесі жолындағы еңбектеріңіз әрдайым табысты болсын! – деген облыс әкімі отбасыларына амандық тіледі.

Облыстық бюджеттен 305,0 млн теңге қаржы бөлініп, тазалық мекемесіне 15 трактор тіркемесімен, 3 жүк тиегіш тапсырылды. Сонымен қатар қар тазалағыш құрылғылар мен жол сыпыруға арналған техникалар берілді. Алдағы уақытта қосымша 15 үш дөңгелекті техникалық көлік (трицикл) сатып алу жоспарланған.

Жалпы, соңғы екі жылда Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында коммуналдық салаға жүздеген арнайы техника сатып алынды. Бұл – тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қолдау. Жаңа техникалар тек аудан орталықтарында ғана емес, ауылдық округтердің де санитарлық тазалығын қамтамасыз етуге пайдаланылады. Бұл жұмыс жүйелі түрде жалғаса береді.

Өңірде әлеуметтік-экономикалық даму – басты назарда. Облыс әкімі бұл бағытта нақты жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Ауданның инфрақұрылымын жақсарту, жұмыс орындарын ашу, халықтың өмір сүру сапасын арттыру – күн тәртібіндегі негізгі міндеттер қатарында.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетті арттыруда агроөнеркәсіп саласының үлесі зор екенін айтқан облыс әкімі, мұндай жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті тұрғындардың табысын арттыруға ықпал ететінін жеткізді. Сонымен қатар, өңір басшысы кәсіпкерлікке қолдау көрсетудің маңызын атап өтіп, инвесторлар мен шаруа қожалықтарына мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануға шақырды.

Бүгінде облысқа  қарасты аудан, қалаларда әлеуметтік-экономикалық инвестициялық жобалардың қатары артып, өнеркәсіп саласында нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді.  Облыс басшысы Нұралхан Көшеров Түлкібас ауданына жұмыс сапарымен барып, өндіріс орындарын аралады. Жұмыс жүйесімен танысып, өңірде кәсіпкерлік саласын одан әрі дамытудың маңызына тоқталды.

Облыс әкімі алдымен Шақпақ елді мекенінде орналасқан «Кен-Тау» ЖШС-нің қарқынды алма өндіретін бауында болып, су үнемдеу технологиясы және қосалқы қойманың құрылыс жұмыстарымен танысты. Жауапты мамандарға тапсырылған істі сапалы атқаруды міндеттеді.

Алма алқабы 235 гектар аумақта орналасқан. Агроөндірістік жобаның жылдық қуаттылығы 6,0-7,0 мың тонна. Мұнда 150 жұмыс орны ашылған. Биыл тағы 27 гектар жерге тамшылатып суару әдісін қолдану арқылы алма ағаштарын жерсіндіруде. Оған қоса сыйымдылығы 2200 тоннаға шақталған заманауи қойманың құрылысы жүргізіліп, тамыз айында іске қосу жоспарланған. Жоба құны 1,5 млрд. тенгені құрайды. Өнім көлемі өткен жылы 5 мың тоннаға жеткен. Қазіргі уақытта кәсіпорында 2200 тонналық заманауи сақтау қоймасы жұмыс істеп тұр.

Аралау жұмыстары Т.Рысқұлов ауылындағы «Стас и К» ЖШС-нің полиэтилен құбырларын өндіретін цехінде жалғасты. Н.Көшеров зауыт ғимаратын толық аралап, өнім түрлерімен танысты.

Нысан 2004 жылы іске қосылып, бүгінде газ және су тасымалдауға арналған полиэтилен құбырлары шығарылады. Мұнда 40 адам тұрақты жұмыс істейді. Жоба қуаттылығы 6 мың тонна. Өнімдер ішкі нарықта саудаланып келеді.

 

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу