Жыл соңына дейін Түркістан қаласында 2000-ға жуық пәтер халық игілігіне беріледі

Түркістан облысы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша республикада алдыңғы қатарда. Өңірдің барлық негізгі салаларында өсім байқалып, инвестиция тарту, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және сауда бағыттарында көрсеткіштер артты. Соның ішінде, Түркістан облысында тұрғындарды баспанамен қамту ісі қарқынды дамсып жатыр. Осы орайда Түркістан қаласы әкімдігі тұрғын үй құрылыс жұмыстары мен сапасын бақылауды қарқынды жүзеге асырып келеді.
Қазіргі таңда қала аумағында жалпы саны 57 тұрғын үй салынып жатыр. Оның 42-сі – кредиттік негізде, 15-і әлеуметтік бағытта бой көтереді. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағында салынып жатқан бірқатар тұрғын үй кешендерінің құрылыс барысымен танысты. Аралау барысында Әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан «Жібек жолы» тұрғын үй кешеніндегі, «Отырар» шағын ауданындағы 5 қабатты тұрғын үйлер мен «Интер» ЖШС тарапынан салынып жатқан, сондай-ақ, айналма жол бойында бой көтеріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын аралады.
Айта кетсек, биыл жыл соңына дейін 117 718 шаршы метрді құрайтын 37 тұрғын үй – 1982 пәтердің құрылысы толық аяқталып, қыркүйек-желтоқсан айларында «Отбасы банк» арқылы кезектегі азаматтарға заңға сәйкес кезең-кезеңімен беріледі.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында облыста мыңдаған шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, халықтың баспанаға қолжетімділігі артып келеді. Қазіргі таңда жаңа шағынаудандар бой көтеріп, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген тұрғын үйлер саны артуда. Бұл – өңірдің экономикалық дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Алдағы кезеңде де әлеуметтік нысандармен қатар тұрғын үй салу жұмыстары жалғасады.