Заң мен тәртіп: Шардара су қоймасын заңсыз пайдалану анықталды

Түркістан облысында табиғи ресурстарды қорғау бағытында жүргізілген арнайы іс-шаралар нәтижесінде 20-дан астам құқық бұзушы анықталды. Бұл жұмыс Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Түркістан облысы әкімінің тапсырмасы аясында «Заң мен Тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында қолға алынып отыр. Осы бағытта Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы, жергілікті полиция қызметі және жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерінен құралған арнайы мобильдік топ құрылды.
Аталған топ су ресурстарын қорғау инспекциясымен бірлесе отырып, су ресурстарын заңсыз пайдаланатын тұлғаларды анықтауға бағытталған бірқатар жедел-профилактикалық іс-шараларды жүзеге асырды. Іс-шаралар барысында Мақтаарал, Жетісай, Келес, Шардара аудандары мен Шардара су қоймасы аумағында су ресурстарын рұқсатсыз пайдаланған азаматтар анықталып, тіркелді.
Сонымен қатар су қоймасының оңтүстік бөлігінде ұзындығы шамамен 3,7 шақырым, тереңдігі 1–1,4 метр болатын қолдан қазылған су арығы табылды. Рейдтік жұмыстар нәтижесінде су қоймасынан, соның ішінде су сорғыш құралдарының көмегімен су алған 20-дан астам азаматтың әрекеттері заңсыз деп танылып, тиісті шаралар қабылданды.
Мобильді топтың тексеру барысында жалпы көлемі 140 гектардан асатын аумаққа заңсыз суарудың жүргізілгені белгілі болды. Ирригация маусымы басталғалы құқық бұзушылар Алтай, МТЗ тракторлары мен КАМАЗ, Mercedes көліктерінің қозғалтқыштарын пайдаланып, сағатына шамамен 480 текше метр суды заңсыз алып отырған. Жалпы көлемі 414 миллион текше метр су рұқсатсыз пайдаланылғаны анықталды.
Анықталған деректер бойынша жиналған материалдар Арал – Сырдария бассейндік инспекциясына жолданды. Құқық бұзушыларға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 141-бабына сәйкес шара қолданылды.
Облыстық Полиция департаментінің мобильді тобы су ресурстарын заңсыз пайдалану фактілерін анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Мұндай заңбұзушылықтарға жол бермеу үшін бақылау күшейтіледі.
Бұл шараның негізігі мақсаты – су ресурстарын заңсыз пайдаланатын тұлғаларды анықтау.
Бұл шаралар су қоймаларын тиімді және заңды пайдалану, табиғатты қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бағытында алдағы уақытта да жалғасатын болады.