Түркістан мен Вэньчжоу қалаларының кәсіпорындары әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастықты нығайтады

0
45

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Вэньчжоу қаласының мэрі Чжан Вэньцземен кездесті. Екіжақты кездесуде өңіраралық байланыстарды нығайту, инвестициялық жобаларды іске асыру және әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланды.

Кездесу барысында Талғат Қозбеков Түркістан облысының географиялық орналасуы, экономикалық мүмкіндіктері мен инвестициялық тартымдылығы туралы ақпарат беріп, Қытай тарапының өңірдегі жобаларға қатысуға қызығушылығын қолдауға шақырды.

Талғат Қозыбеков өз сөзінде:  Түркістан облысы Қытай Халық Республикасының Шэньси, Хубэй және Хэйлунцзян провинцияларымен бауырластық қарым-қатынас орнатқан. Бүгінде Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция бойынша Қытай ТОП–5 инвестор елдерінің қатарына кіреді. Былтыр Қытай мен Түркістан облысы арасындағы өзара тауар айналымы 296 млн. АҚШ долларын құрады. Өңіріміздің негізгі инвестициялық алаңдары жалпы аумағы 2397 гектар болатын 20 индустриялық аймақ және жалпы аумағы 4 мың гектарды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағынан құрылған. Инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскесі және дайын өндіріс алаңдары ұсынылады. Сонымен қатар жаңа өндірістік жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін «Шағын өнеркәсіптік парктер» салынған деп атап өтті

Келіссөздер нәтижесінде Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен Вэньчжоу қаласының Сауда басқармасы арасында «Қазақстан–Қытай (Вэньчжоу) Индустриялық аймағы» жобасын іске асыруды қолдауға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Іссапар барысында Түркістан облысының делегациясы ірі кәсіпорындарды аралап жұмысымен танысты. Олардың қатарында «ақылды» электрмен жабдықтау, жасыл энергетика және төмен көміртекті технологиялар бағытында жобаларды жүзеге асыратын жетекші компания, электротехникалық жабдықтардың ірі өндірушісі, өндірістік тізбектерді және логистиканы басқаруға маманданған компаниялар бар. Сондай-ақ, делегация аралас және мақта иірімжібін және серпімді маталар өндіретін ірі компанияларды аралап көрді. Джинсы маталарын өндіретін компания «Түркістан» арнайы экономикалық аймағында зауыт салуды жоспарлап отыр.
Вэньчжоу ежелден Ұлы Жібек жолының теңіз бағытына жақын орналасқан маңызды портты орталық ретінде танымал. Сонымен қатар Вэньчжоу – Қытайдағы жеңіл өнеркәсіптің, әсіресе, аяқ киім, тоқыма және электр жабдықтары өндірісінің жетекші орталықтарының бірі.
Бұл сапар Түркістан облысы мен Вэньчжоу қаласының кәсіпорындары арасындағы әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастықты нығайтып, өңірге инвестиция тартудың жаңа мүмкіндіктерін ашпақ.
Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу