Түркістан облысының экономикалық көрсеткіштері еліміз бойынша жоғары

Түркістан облысы 2025 жылдың 8 айының қорытындысымен бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша елімізде алдыңғы қатарда. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту, су үнемдеу технологияларын енгізу және өнім көлемін арттыру бағыттарында оң нәтиже байқалуда.
Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының басты драйвері. Түркістан өңірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы саласындағы тапсырмаларын іске асыру аясында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, оң нәтижелерге қол жеткізілуде. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешеніндегі жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру және су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы бастамалар белсенді түрде жүзеге асырылуда.
Осы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша нақты көлем индексі 100,1 пайызды құрады. Ал 9 айда бұл көрсеткішті 104,3%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша да жоспардан асыра орындалғаны байқалады. 2025 жылы 27 мың гектарға енгізу көзделсе, қазіргі таңда нақты 59 мың гектарға су үнемдеу әдістері ендірілді. Жалпы көлем 114 мың гектарға жетіп отыр. Бұл көрсеткіштер өңірдің ауыл шаруашылығындағы заманауи технологияларды қолдануға бет алғанын көрсетеді.
2028 жылға дейін жыл сайын 27 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған. Алайда облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, бұл көрсеткішті жыл сайын 50 мың гектарға жеткізу мүмкіндігі қарастырылуда.
Аймақ басшысы өз сөзінде: –Өнімділікті арттыру үшін су үнемдеу технологияларын, заманауи агроинновацияларды енгізу маңызды. Бұл әдістер егістік жерлердің тиімділігін арттырып, өнім сапасын жақсартуға және шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы саласында 2025 жылға бектілген барлық индикаторлық көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Жұмыс барысын қатаң бақылауға алу қажет, – деген Нұралхан Оралбайұлы жоспарды орындамаған басшылардың жауапкершілігі қаралатынан ескертті.
Агроөнеркәсіптік кешенінің индикаторлық көрсеткіштерінің орындалуы туралы Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Файзулла Байдуллаев баяндама жасады. Оның мәсілмеудеуінше, жыл соңына дейін 1649 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланып, бүгінде 1 379 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Нәтижесінде, жаңалау үлесі 7,9%-ды құрап, жалпы ауыл шаруашылығы техникасының саны 17 487 бірлікке жетті.
–Мемлекет тарапынан инвест жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетіліп келеді. Облыс көлемінде жеміс-көкөніс сақтау үшін 3 қойма салынып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Түлкібас ауданында «Кентау» ЖШС-нің сыйымдылығы 2 200 тонна, Сайрам ауданында «Shagur agro group» ЖШС-нің сыйымдылығы 2000 тонна, Шардарада «Батырхан ата» ШҚ-ның сыйымдылығы 2200 тонна жеміс-көкөніс сақтау қоймалары іске қосылды. Келесі жылы Сарығаш ауданында 10 мың тонналық, Қазығұрт ауданында 3 мың тонналық жеміс-көкөніс сақтау қоймалары іске қосылады.
Одан бөлек, биыл «БНК Агро КЗ» ЖШС-нің «Тауарлы сүт фермасын 800 басқа кеңейту» жобасы іске қосылды. Ал келесі жылы Төлеби ауданында «Азия милк» ШФҚ-ның 600 басқа арналған тауарлы сүт фермасы, Түлкібаста «Майлыкент Ферм» ЖШС-нің 600 басқа арналған тауарлы сүт фермасы пайдалануға берілмек. Сонымен қатар «Сарыағаш құс» ЖШС іске қосылды. Түлкібас ауданында құс етін өндіретін «Қарқын трейд» ЖШС-ның жобасы іске асырылуда. Жобаны іске асыруға АӨК жобаларын несиелендіру бағдарламасымен 5 млрд. теңге бөлінбек, – деді ол.
Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестиция тарту бойынша Түркістан облысы елімізде алдынғы қатарда. Бүгінде агроөнеркәсіптік кешеніне 121 млрд. теңге инвестиция тартылды. Инвестиция көлемін 9 айдың қорытындысымен 152,8 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігіне қарасты Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Гүлнәр Күнтуғанова есепбі бойынша республикадағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымдағы үлесі бойынша Түркістан облысы 1 орында немесе үлесі – 13,7%. Түркістан облысы бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 487,7 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,1%-ға артқан.
Ет өндіру көрсеткіші 122,9 мың тоннаны құрады. Мал етін өндірудің едәуір үлесі Сайрам және Қазығұрт аудандарының шаруашылықтарына тиесілі. Ал сиыр сүтінің өнідірісі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 15,7% артса, тауық жұмыртқасының өндірісі 5,7%-ға өскен. Облыстың ауыл шаруашылығын дамуына бағытталған инвестиция көлемі 97620,6 млн. теңгеге жетіп, өсім 140,3%-ды құрады. Тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 53,6% артып, 23343,4 млн. теңгені құраған.






