Заң жобалары мен мемлекеттік шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету – демократиялық қоғамның талабы

Түркістан облысында құқық қорғау органдары жергілікті атқарушы билікпен етене әрі жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Дегенмен анықталған кемшіліктер бар. Әсіресе заң жобалары мен мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етілуі тиіс. Бұндағы мақсат мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтардың мемлекеттік басқарудағы құқықтары мен мүмкіндіктерін арттыру, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықпен күресу мен мемлекеттік басқарудың тиімділігін жақсарту үшін жаңа технологияларды пайдалану.
Одан бөлек өңірде пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарды қайта өмірге бейімдеу, әлеуметтендіру және жұмыспен қамту шаралары тиісті деңгейде атқарылып жатыр. Осы ретте облыстық прокуратура ғимаратында пробация есебіндегі жаза өтеушілердің қайта қылмыс жасауына жол бермеу мен алдын алу, оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету мәселелері қаралды. Мәжіліс облыс прокурорының бірінші орынбасары Данияр Сыздықов төрағалығымен өтті.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаев, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖД басшысының орынбасары Нұрлыбек Әлібекұлы, жауапты салалық басқармалар, Еңбек мобильділігі орталығы және микроқаржы ұйымдарының өкілдері қатысты. Бейнебайланыс арқылы 17 қала мен аудан әкімдері, полиция және пробация қызметі бөлімдерінің өкілдері қосылды.
Облыс прокуратурасының басқарма бастығы Нарбек Мықтыбаев баяндама жасады. Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖД пробация қызметіне басшылық ету бөлімінің бастығы Азамат Сейілбек, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Талқылау мен жиын қорытындысында Бейсенбай Дәулетұлы бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
– Мемлекеттік органдардың өз құзыреттері мен міндеттерін атқарғаны жайлы халық алдындағы есептілігі де назардан тыс қалмаған. Мемлекеттік органдар қабылдаған шешімдерді жүзеге асыруға және олардың жұмысының тиімділігін арттыруға қоғамды белсенді жұмылдыра білу де басты бағыттардың бірі. Сонымен қатар пробация қызметі есебінде тұрған адамдардың тағы да заңбұзушылық жасамауына өкінішке қарай кепілдік жоқ. Ал оның негізгі себебі – әлеуметтік не отбасылық қиындықтардан туындайтыны белгілі. Сол себепті тізім қайта сараланып, жасақталуға тиіс. Соған сәйкес жауаптылар кесте бекітіп, аудандарды аралап, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін түсіндіруі керек. Өйткені өзгерістер болуы немесе бюрократиялық кедергілерге ұшырауы ықтимал. Мұндай бетпе-бет жүздесулер – олардың әлеуметтік ахуалын айқындайды, – деді Бейсен Тәжібаев.
Айта кетсек, мемлекеттік басқарудағы ашықтық пен жариялылық – демократиялық қоғамның басты қағидаттарының бірі. Заң жобаларын әзірлеу және мемлекеттік органдардың шешім қабылдау процесі ашық әрі қолжетімді болған жағдайда, қоғам тарапынан сенім артады, ал қабылданған шешімдер заңдылық пен әділеттілікке негізделеді. Қазіргі таңда бұл бағытта бірқатар нақты қадамдар жасалуда. Атап айтқанда, қоғамдық тыңдаулар мен талқылаулар арқылы заң жобаларына азаматтар мен сарапшылар өз ұсыныстарын білдіре алады, «Ашық НҚА» (нормативтік-құқықтық актілер) порталы арқылы әрбір азамат заң жобаларымен танысып, пікір қалдыруға мүмкіндік алады, Мемлекеттік органдардың есеп беруі, шешімдердің жариялануы мен деректердің ашықтығы – басқарудағы транспаренттілікті қамтамасыз етеді, Цифрлық үдерістерді енгізу, құжат айналымы мен шешім қабылдаудағы процестерді автоматтандыру – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Ашықтық – тек ақпаратпен бөлісу емес, ол қоғаммен диалог орнату, азаматтардың пікірін ескеріп, жауапкершілікпен әрекет ету мәдениетін қалыптастыру.
Биыл пробация қызметі есебінде тұрған азаматтардың саны – 1742. Оның ішінде 1500-ден астамы – ер-азаматтар болса, 225-і әйелдер. Тізімдегі 230 адамның білімі жоғары. Қалғанының арнаулы орта және орта білімі бар. 256 азамат осал топқа жатады. Есепте тұрған 1212 адам жұмыспен қамтылса, 452-і жұмыссыз. 2025 жылы қаулыға сәйкес 130 мекемеде 194 квота берілген. 1 маусымдағы жағдай бойынша 81 мекемеге 128 адам жұмысқа орналасты. Жыл басынан бері өңірдегі шалғай елді мекендерде 42 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Нәтижесінде 436 адам аудандық, қалалық мансап орталықтарына жүгінді. Сондай-ақ 2 адам АӘК, 30 адам грант, 55 азамат Бастау бизнес сертификатын алды. Облыста 17 Отбасын қолдау орталығы ашылып, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды ерте анықтап, қолдау көрсетуде. Орталықтармен автоматтандырылған FSM Social мобильдік қосымшасы арқылы мұқтаж отбасылар анықталуда.