Түркістанда оқушыларға құқықтық сауаттылық пен есірткінің зияны туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді

0
57

Түркістан қаласындағы бірнеше білім беру мекемесінде жасөспірімдерге арналған құқықтық сауаттылықты арттыру және есірткінің зияндылығы жөнінде түсіндіру шаралары ұйымдастырылды. Түркістан облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ермек Өсербаев іс-шараға арнайы қатысып, жас ұрпақты маңызды мәселелер бойынша таныстырды.

Полиция қызметкерлері оқушыларға құқық бұзушылықтың әртүрлі түрлері мен олардың заң алдындағы салдары туралы кеңінен айтып берді. Әрбір азаматтың заңға бағынуы қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде басты фактор екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, оқушыларға есірткі заттарының адам ағзасына тигізетін зияны, оның психикалық және физикалық денсаулыққа қауіптілігі жан-жақты түсіндірілді.

Іс-шара барысында нақты өмірлік мысалдар келтіріліп, жасөспірімдер қауіпті әдеттерден сақтануға шақырылды. Сондай-ақ спортпен айналысу, пайдалы іспен шұғылдану және салауатты өмір салтын ұстану маңыздылығы ерекше айтылды. Бұл шаралар оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, теріс қылықтардың алдын алуға және жастар арасында жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, болашақта да осы бағыттағы кездесулер облыстағы барлық мектептерде жүйелі түрде өткізіледі.  Мұндай шаралар оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, теріс қылықтардың алдын алуға, сондай-ақ жастардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу