Түркістан облысы мен Қытай арасында жалпы құны 300,7 млн АҚШ долларын құрайтын ірі инвестициялық меморандумдарға қол қойылды

0
81

Еліміздің бас қаласы Астанада   Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың қатысуымен «Орталық Азия – Қытай» индустриялық және инвестициялық ынтымақтастықтың ІІ форумы өтті. Форумға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Қырғызстан және Қытай мемлекеттерінен жоғары деңгейдегі делегациялар, ірі инвесторлар мен бизнес қауымдастықтарының өкілдері қатысты.

Халықаралық шараның басты мақсаты – Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту, инвестиция тарту, бірлескен өндіріс орындарын ашу және өңірлік кооперациялық жобаларды дамыту.

Алғашқы сөзді сөйлеген  ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға табыс тіледі. Ол өз сөзінде мұндай платформалар мемлекетаралық байланысты тереңдетіп, бірыңғай әлеуметтік-экономикалық кеңістіктің қалыптасуына ықпал ететінін жеткізді.

Форум аясында  Түркістан облысы қытайлық инвесторлармен диалог орнату алаңына айналды. Облыс өз әлеуетін таныстырып, қытайлық бизнес өкілдерімен экономикалық, өндірістік және инвестициялық бағыттағы нақты жобалар бойынша келіссөздер жүргізді.

Еліміздің бас қаласында өткен саммиттің бірінші күні Түркістан облысы және қытайлық бизнесмендер арасында жалпы құны 300,7 млн АҚШ долларын құрайтын 3 ірі инвестициялық жоба бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Атап айтсақ,  облыс орталығында  «Түркістан қаласының Шығыс айналма жолының құрылысы», Өзбекстан Республикасының шекарасынан «Шардара – Арыс» бағытындағы жол құрылысы жүргізілмек. Аталған жобаны іске асыруға Қытайлық «China Railway Asia – Europe Costruction Investment Co LTD» компаниясы қызығушылық танытып отыр.

Сонымен қатар Түркістан облысының аумағында «Белдеу және жол» Қытай-Қазақстан заманауи майлы дақылдар индустриялық паркі жобасын іске асыру жоспарлануда. Жобаның құны — 140,7 млн АҚШ доллары. Нәтижесінде, 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жобаны іске асыруға қытайлық «Jinxin (Si’an) Seed Technology Co., Ltd.» компаниясы қызығушылық танытқан.

Бұдан бөлек, Түркістан облысында «Бір белдеу бір жол» трансшекаралық тауар сауда орталығының Орталық Азиядағы филиалы» жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Жоба құны — 160 млн АҚШ доллар құрайтын жобаны қытайлық «Portuguese-speaking (Xi’an) Technology Development Co., Ltd.» компаниясы іске асыруды көздеп отыр. Нәтижесінде, 1000 жаңа жұмыс орны құрылмақ.

Аталған жиын барысында  өткен панельдік сессияларда қатысушылар цифрлық және ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты, Орталық Азия мен Қытай елдерінің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту, агроөнеркәсіптік кешендегі инновациялық тәсілдер мен тау-кен металлургия саласындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады. Қатысушылар тәжірибе алмасуға, озық технологияларды енгізуге және мемлекетаралық инвестициялық әріптестікті кеңейтуге ниетті екендерін атап өтті.  Форум B2B және B2G форматындағы келіссөздермен аяқталды. Шара соңында  Қазақстан мен Қытай компаниялары арасында жалпы сомасы 24 миллиард АҚШ долларынан асатын 58 коммерциялық келісімге қол қойылды.

Халықаралық іс-шара екі күнге жалғасады. Саммит аясында Түркістан облысы мен шетелдік инвесторлар арасында жалпы 5 ірі жобаны жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойылады деп көзделген. Сонымен қатар  Түркістан облысы мен Қытайдың Шэньси және Хубэй провинциялары арасында бауырластық келісімін орнату жоспарланып отыр.  Бұл жобалардың барлығы өңірдегі әлеуметтік-экономиканы дамытуға бағытталған.

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу