Түркістан – инвестиция тартуда көш бастап тұрған өңір

0
2

Түркістан облысы инвестиция тарту жағынан еліміздегі  аймақтың бірі саналады. Соңғы жылдары аймақта қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, шетелдік инвесторлармен белсенді серіктестік орнатылып жатыр.

Жыл басынан Түркістан облысының  экономикасына тартылған инвестиция көлемі  7 жылда 4,2 есеге артып, 1335,0 млрд.теңгені құрады. 2018 жылы облыс экономикасына 314,1 млрд теңге инвестиция тартылған болатын. Ал жыл басынан бері аймаққа 387,8 млрд. теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде, жеке инвестиция көлемі 199,3 млрд.теңге болса, бюджеттік инвестиция – 128,7 млрд. теңге. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысына тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1 144,2 млн АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар 245%-ға артығымен орындалды.

Облыста инвестиция көлемі тұрақты өсуде. 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жалпы құны 2,3 трлн. теңгеге 110 инвестициялық жобаның пулы қалыптасты. Нәтижесінде, 19 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген. Жалпы құны 321,8 млрд. теңгеге 57 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Нәтижесінде, 6 908 жаңа жұмыс орнын ашылмақ.

Өңірде       қолайлы     инвестициялық   климатты қалыптастыру үшін барлық жағдайлар жасалып жатыр.  Биылғы жылдың  3 сәуірінде бизнес-форум өтіп,         6 елден 100-ден аса инвесторлар қатысты.  Инвесторларға        облыстың әлеуеті хабарланып, мемлекеттік     қолдау       шаралары баяндалды.

Облыста  бизнес форумдар тұрақты түрде ұйымдастырылып, өңірдің инвестициялық әлеуеті жан-жақты таныстырылуда. Сонымен қатар шетелдерге ресми сапарлар арқылы маңызды жобалар бойынша келіссөздер жүргізілуде. Соның нақты нәтижесі ретінде Созақ ауданында фосфорит кенін өңдейтін зауыттың құрылысы басталды. Жобаның құны – 140 млрд теңге. Қуаты – жылына 1,6 млн тонна. 1 000 жаңа жұмыс орны ашылады.

Жақында Түркістан облысы делегациясының Қытайға жасаған сапары барысында туризм, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша бірқатар келісім жасалды. Сондай-ақ Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» ІІ форумында қытайлық инвесторлармен 5 ірі жобаны іске асыру туралы меморандумға қол қойылды.

Бұл бастамалар өңірдің тұрақты экономикалық дамуына серпін беретін нақты қадамдар болып отыр.

Инвестиция тарту экономикалық  маңызды бағыт.  Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту өз кезегінде негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің өсіміне ықпал етті.

Түркістан облысында өңір экономикасын дамытудың, халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі тетігі саналатын өнеркәсіп саласына басымдық берліген. Осы мақсатта шет мемлекеттерден инвестиция тарту, тәжірибе алмасу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін арнайы өнеркәсіптік алаңдар құрылған.
Облыс көлемінде инфрақұрылым желілерімен қамтылған 2443,2 гектарды құрайтын 19 индустриалды аймақ және 580 гектар аумақта орналасқан 3 өнеркәсіптік аймақ пен арнайы экономикалық аймақтар бар. Бұл аймақтарда 42,4 млрд. теңгеге 52 кәсіпорын жұмыс істейді. Қазіргі уақытта қосымша 195,4 млрд. теңгеге 57 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жүзеге асыру сатысында.
-Облыста алғаш рет 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы ашылды. Жобаның І және ІІ кезеңі аясында 152 өндірістік ғимарат салып, 308 млрд.теңге инвестиция тарту және 5 840 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінгі таңда 11 жоба іске қосылып, кәсіпорындар жұмысын бастап кетті. Нәтижесінде, 790 жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл қосымша 29 ғимараттың құрылысы аяқталып, 26 жоба іске қосылады. Нәтижесінде 136,8 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1 950 жаңа жұмыс орны ашылады, – деді жауаптылар.
Облысқа инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жалғасуда. Жыл басында қытайлық «AVATAR AGRICULTIRAL TECHNOLOGY DEVELOPMENT» компаниясымен өнеркәсіптік парк аумағында ауыл шаруашылығы дрон шығаратын зауыт салу бойынша келіссөз жүргізілді. Жобаның болжамдық құны — 5 млн. АҚШ доллары. Қуаттылығы айына — 600 дана.
Биыл парк аумағында «Жасыл суық Қазақстан» (UBC) халықаралық компаниясы тоңазытқыш шығаратын зауытын іске қосты. Жобаның жалпы құны 60 млн.евроны құрайтын зауыттың қуаттылығы – жылына 140 мың дана. Жоба 2 кезеңде іске асырылады.
«Шағын өнеркәсіптік парк» жобасының мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, осы тәжірибені Бәйдібек, Келес, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас Сайрам және Сарыағаш аудандарында іске асыру жұмыстары басталды.
Одан бөлек Ордабасы ауданында 8 гектар аумақта «Бадам» өндірістік парктің құрылысы басталды. Мұнда кәсіпкерлер 5 өндіріс орнын ашуға қызығушылық танытып отыр. Бұдан бөлек, Сауран ауданындағы Иассы, Қарашық, Үшқайық, Жүйнек ауылдарында 4 өндірістік алаңда 105 ғимарат салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 22 ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Жаңа өндіріс орындарын ашуға қажетті энергетикамен қамтамасыз ету мәселесін жалпы қуаты 2,4 ГВт құрайтын 6 ірі жобаны іске асыру арқылы шешу көзделуде. Бұл жобалар жеке инвесторлар есебінен жүргізілмек. Нақтырақ айтқанда, Сайрам ауданында қуаты 1 000 МВт дейін болатын бу-газ станциясының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Түлкібас ауданында – 320 МВт-тық бу-газ, Кентау қаласында – 240 МВт-тық газ турбина, Бәйдібек ауданында – 350 МВт-тық жел электр станциялары салынады. Одан бөлек, Сауран ауданында қуаты 300 МВт және 185 МВт болатын екі күн электр станциясын салу жоспарлануда.

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу