Түркістан облысы алғаш рет NEAR ұйымының мүшесі атанды

Түркістан облысы Солтүстік-Шығыс Азия елдерінің Өңірлік әкімшіліктері Ассоциациясы (NEAR) құрамына еніп, халықаралық ұйымның корреспондент мүшесі мәртебесін алды. Бұл қадам өңірдің халықаралық ынтымақтастық пен жаһандық танымалдылық жолындағы маңызды жетістігі саналады.
Түркістан өңірі алғаш рет аталған ұйымның Корея Республикасының Пхохан қаласында өткен 15- Бас Ассамблеясына қатысып, өзіндік әлеуетін халықаралық деңгейде таныстырды. Делегацияны Түркістан облысының туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов бастап барды. Ол өз баяндамасында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық мүмкіндіктері мен туризм саласындағы қарқынды өсімі туралы кеңінен ақпарат беріп, қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.
NEAR – Солтүстік-Шығыс Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтатын ірі халықаралық платформа. Аталған ұйым Қытай, Жапония, Оңтүстік және Солтүстік Корея (КХДР), Моңғолия және Ресей сияқты алты елдің 78 өңірлік әкімшілігін (облыс, провинция, аймақ) біріктіреді.
Ұйымның басты мақсаты – мүше өңірлер арасындағы өзара сенімге негізделген тұрақты даму, мәдени және экономикалық тәжірибе алмасу арқылы өңіраралық байланыстарды дамыту.
Түркістан облысының NEAR ұйымына қосылуы өңірдің халықаралық әріптестікті дамыту және жаһандық деңгейде танылу жолындағы маңызды қадам.
Бұл оқиға – Түркістанның әлемдік деңгейдегі өңірлермен тең дәрежеде әріптестік орната алатынын көрсететін маңызды көрсеткіш.