Заң мен Тәртіп: Түркістанда «Бизнес және инвестицияны қорғау» форумы

Отандық кәсіпкерлікті дамыту Мемлекет басшысының назарында. 2023 жылғы 12 қыркүйекте отандық бизнес өкілдерімен болған кездесуінде Президент Үкіметке бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсетуді тапсырып, мемлекет пен бизнесті жаңа «қоғамдық шарт» жасауға шақырған болатын.
Президент өз сөзінде: Мемлекет бизнестің дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасайды және жеке меншіктің толық қорғалуын қамтамасыз етеді. Ал, кәсіпкерлер өздеріне жүктелген міндетті, атап айтқанда, салық төлеу, экономикаға инвестиция құю, жұмыс орындарын ашу, қызметкерлеріне қолайлы еңбек орта қалыптастыру секілді міндеттерді адал орындайды.
Сол кездесуде Мемлекет басшысы ең алдымен заң үстемдігін және жеке меншіктің қорғалуын қамтамасыз ету қажет екенін атап өткен болатын. Түркістан облысында кәсіпкерлердің құқын қорғау бағытында жұмыстар қарқынды жүруде. Жыл басынан бері Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Нұралы Әбішов бастаған топ аудандарға барып кәсіпкерлермен кездесулер өткізіп, толғандырған мәселелерін тыңдап, шешім табуына ықпал етіп келеді.
Форумда да кәсіпкерлер көкейдегі мәселелерін көтерді. Әрбірінің мәселесі тез арада шешуді қажет етеді. Мәселен, ЖК «Н.Шагиров» балық шаруашылығына алған жерге қатысты құжаттың архивте болмауына байланысты қазір сот жағалап жүр. Жиһаз өндірісімен айналысатын «Ideal Turkestan» ЖШС электр қуатының жеткіліксіздігі мен тұрақсыздығына байланысты өндірісті кеңейте алмай отыр. Кәсіпкер жлектр қуаты 1200 кВт-қа арттырылса деген ұсынысын айтты.
«СТРОЙСЕРВИС» ЖШС кәсіпорнының экологиялық төтенше аймақта орналасуына байланысты жұмысын жалғастыра алмай отыр. «ЕРСҰЛТАН АГРО» ЖШС мен 28 кәсіпкерге берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің заң бұзушылық негізінде берілгені анықталып, сот шешімімен келісімшарттар жарамсыз деп танылған. Кәсіпкерлердің шығыны көп, жұмыспен қамтылғандар бар.
«Astana Railway Services» ЖШС Арыс вагон жөндеу депосы маңындағы жол белгісінің жүк көліктерінің қозғалысына кедергі келтіріп жатқанын, соны алып тастау немесе жүк көліктеріне тұрақты рұқсат беру бойынша өтінішін айтты. «Кентау Полиметалл» ЖШС өңделген рудалардан металл алу үшін уақытша қалдық қоймасы қажеттігін, ал ұсынылған 6 орын санитарлық талаптарға сай келмейтінін жеткізді.
«Түркістан көпсалалы жоғары медицина колледжі» ЖШС-ның мәселесі де өзекті. Жекеменшік колледжге мемлекеттік грант берілмей отыр.
Форум өңірдегі бизнесті дамытуға бағытталған идеялармен, стратегиялармен, инвестицияларды тарту тәсілдерімен алмасу алаңына айналды. Ол бойынша өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Нұралы Әбішов өз сөзінде:
«Бүгінгі форум – кәсіпкерлік саласындағы реформаларды түсіндіру мен бизнес мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаң. Мемлекет басшысы әділ және бәсекелі экономика құру, инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту мен бизнесті қолдауды басты міндет етіп қойды. Осы бағытта біз де Өңірлік кеңес аясында 2023–2024 жылдары 58 мәселенің жартысына жуығын шешуге ықпал еттік, қалғанын бақылауға алдық. Биыл жеке қабылдау форматында аудандарды аралап, кәсіпкерлердің инфрақұрылым, құжат айналымы, қысым көрсетуге қатысты мәселелерін тыңдадық. Бұл сұрақтардың бәрі бақылауда. Президент атап өткендей, жазалау емес, қолдау арқылы бизнесті дамыту – басты мақсат. Біз алдағы уақытта да барлық аудандарға барып, кәсіпкерлердің мәселелерін жеке қарап, шешу жолында жұмыс істей береміз деп сенемін», – деп атап өтті.
–Форум – кәсіпкерлердің даусын естіртетін маңызды алаң. Біз бизнеске әкімшілік кедергілерді азайтуға, олардың мәселелерін тікелей құзырлы органдармен бірлесе шешуге мүдделіміз. Бүгінгі кездесуде көтерілген сұрақтар – өңірлік кәсіпкерліктің нақты жағдайын көрсетеді. Әрбір мәселе Палатаның тұрақты бақылауында болады», – деді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев.
Форум қорытындысы бойынша кәсіпкерлер көтерген мәселелер бақылауға алынып, әрбір мәселе бойынша нақты уәкілетті орган жауапты болып бекітілді.
Бұл бастама кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасауға және мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы сенімді арттыруға бағытталған.
Форум аясында Мұрат Ахтанұлы «Бизнеске жол» жобасы іске қосылғаннан бері Түркістан өңірінде 27 мыңға жуық кәсіпкердің құқықтары қорғалғаны және жобаны іске асыру барысында субсидиялау, жер қатынастары, ауылшаруашылығы, лицензиялау және тағы да басқа салалардағы бизнестің бірқатар жүйелі мәселелері шешілгенінен хабардар етті.
Оң шешімін тапқан мәселелердің бірі, Түркістан қалалық орталық ауруханасының бұрын жеткізілген тауарлар, көрсетілген қызметтер және орындалған жұмыстар бойынша 35 шағын және орта бизнес субъектілерінің алдында кредиторлық берешегі болған.
Департаменттің ұсынысымен қабылданған шаралар негізінде, өз міндеттемелерін орындаған бизнес субъектілеріне берешек соммалары қайтарылып, оның ішінде қызметкерлердің жалақысын өз уақытында төлеуге мүмкіндік болды.
Айта кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бір бағыты – бизнестің дамуына кедергі келтіретін жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, кәсіпкерлікті сыбайлас жемқорлық қысымынан, әкімшілік кедергілерден қорғау болып табылады.
Біз, өз құзыретіміз шеңберінде кәсіпкерлік салада туындайтын проблемалық мәселелерді қарауға әрқашан ашық және дайынбыз.