ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТЕАТРЛАРЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬДЕР МЕН БАЙҚАУЛАРДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНЫП ЖҮР

Түркістан облысында мәдениет саласын дамытудың 2026-2029 жылдарға арналған арнайы жол картасы әзірленіп, бекітілді. Аталған құжат негізгі 5 бағытты қамтиды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте айтылды.
Өңірде балаларды тегін шығармашылық үйірмелермен қамту көрсеткіші жыл сайын артып келеді. 2025 жылы 11 525 бала қамтылса, биылғы жылдың 6 айында бұл көрсеткіш 13 311-ге жетті. Жыл соңына дейін 17 071-ге арттыру жоспарланған.
Бұдан бөлек, мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында балаларды тегін үйірмелермен қамту жұмыстары «Damubala» платформасы арқылы жүзеге асырылады. Биыл аталған мақсатқа жергілікті бюджеттен балаларды тегін шығармашылық үйірмемен қамту үшін 3,3 млрд теңге бөлінді. Бүгінде «Damubala.kz.» ақпараттық жүйесі арқылы облыс аумағында 192 өнім беруші 661 үйірмеде 17 417 (ваучер) бала тегін шығармашылық үйірмеге қатысып жатыр.
Облыста 390 кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. Оның 2-еуі облыстық, 388-і аудандық және қалалық кітапханалар. Биыл Шымкент қаласында орналасқан Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасы Түркістан қаласындағы жаңа ғимаратқа көшірілді. Жалпы аумағы 1002,8 шаршы метрді құрайтын ғимарат заманауи құрал-жадықтармен қамтылып, бір мезетте 100-150 оқырманға қызмет көрсететін коворкинг орталығы ретінде жұмыс істейді. 2026 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша облыстағы 390 кітапхананың 350-і компьютерлік техникамен қамтамасыз етіліп, интернет желісіне қосылған.
Түркістан музыкалық-драма театры биыл Түркияның Трабзон қаласында өткен V Халықаралық театрлар фестиваліне «Shekh Sanaan.Fatum» спектаклімен қатысты. Сонымен қатар Ресейдің Лобня қаласында өткен «Русская классика. Лобня – 2026» фестиваліне «Шинель» спектаклін сахналап, «Классикалық шығарманың үздік пластикалық шешімі», «Үздік актерлік ансамбль» номинациялары бойынша марапатталды.
Аталған театр ұжымы өткен аптада Грузия елінің арнайы шақыртуымен Батуми қаласына гастролдік сапармен барып, «Абай. Қара сөз» пластикалық қойылымын сахналап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Сондай-ақ Р.Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры Тараз қаласында өткен «Тұңғышбай Әл-Тарази Таразға шақырады» Халықаралық актерлар фестиваліне «Ханшаның көз жасы» қойылымымен қатысып, театр актері Шәкен Амантуров «Ең үздік екінші пландағы ер адам рөлі» номинациясымен марапатталды. Жыл соңына дейін қалған аудандарда гастрольдік сапарлар жалғасады. Өңірдегі театрларға жас мамандарды тарту бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев креативті индустрия секілді жаңа секторларды дамыту арқылы экономиканың көкжиегін кеңейту қажеттігін атап өткен болатын. Осы бағытта биыл «Креативті индустрияларды дамыту» қорының ұйымдастырумен «Creative Aimaq» жобасы аясында Түркістан облысының күндері өтті. Екі күндік іс-шара барысында өңірдің 30 қолөнер шебері 500-ден астам бұйымын ұсынып, 13 суретшінің 100-ден аса туындысы қойылды. Көрмені Астана қаласының 5200-ден астам тұрғыны мен қонақтары тамашалап, жалпы сатылым құны 21 млн теңгені құрады. Бұл – республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. Бүгінде креативті индустрия саласының 53 түрі (ОКЭД) белгіленген. Облыста жоспарға сәйкес жыл соңына дейін ауқымды 3 іс-шара өткізу жоспарланып отыр.






