Түркістан облысында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету және абаттандыру бағытындағы жұмыстар үздіксіз жүргізілуде.

2026 жылдың басынан бастап қоғамдық орындарда тәртіп бұзғандарға әкімшілік шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, 434-2-бап бойынша 5 746 әкімшілік хаттама толтырылып, 170,6 млн теңге айыппұл салынды. Оның 114,3 млн теңгесі өндірілді. Сонымен қатар 505-бап бойынша 7 978 әкімшілік хаттама толтырылды. 45,2 млн теңге айыппұл салынып, оның 31,6 млн теңгесі өндірілді. Ауылдық округ әкімдіктері тарапынан 505-бап бойынша 3784 хаттама толтырылып 21,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Бүгінгі таңда оның 11,9 млн теңгесі өндірілді. Оның ішінде, 3 395 ескерту болса, 389-ы – айыппұл хаттамасы. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде айтылды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Таза Қазақстан» бағдарламасы бір реттік акция емес, елді мекендердің тазалығы мен көркейтуін қамтамасыз ететін тұрақты жұмыс болуы тиіс екенін атап өтіп, жауапты тұлғаларға санитарлық тазалықты күнделікті бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ абаттандырылған аумақтардың тазалығын сақтауға, заңсыз қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеуге және тазалық мәдениетін қалыптастыру бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін айтты.

Бүгінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар облыстың барлық аудан-қалаларында жалғасып, таза, жайлы әрі көрікті елді мекен қалыптастыруға бағытталуда.
«Таза Қазақстан» (@TazaQazBot) Telegram чат-боты арқылы 2 508 өтініш келіп түскен. Оның 2 445-сі орындалды, 63-і орындалу барысында.

Өңірде рейдтік және профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Жуырда мобильді топ Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарында саябақтар, скверлер және қоғамдық орындарда рейдтік іс-шаралар өткізді. Аралау барысында тазалық қағидаларын бұзудың 76 дерегі анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылды. Одан бөлек, Шардара, Созақ аудандарында мониторинг жұмыстары жүргізіліп, жалпы 53 кемшілік анықталды. Анықталған кемшіліктерді толығымен жою үшін мерзім берілді.

Сонымен қатар аппарат отырысында 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысы туралы баяндалды. Өңірде алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жылу желілерін жөндеу бойынша жоспарланған 24,1 шақырымның 21,6 шақырымы, яғни 90%-ы орындалды.
Кентау қаласында жылу желілерін қайта жаңғырту және №5 ЖЭО-ның ағымдағы жөндеу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ 14,5 шақырым магистралдық жылу желілерін жаңғырту жұмыстары басталды. Түркістан қаласының №1 және №2 мөлтек аудандарындағы 1,2 шақырым жылу желілерін қайта жаңғырту жобасы басталып, монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын.
Облыстық бюджеттік мекемелердің барлық нысандары бойынша көмір жеткізуге келісімшарттар жасалып, тасымалдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.