Мемлекет басшысы тапсырмалары – Түркістанның даму бағдары

0
10

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру шаралары облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды. Облыс әкімінің орынбасарлары, аудан-қала әкімдері, облыстық басқарма басшылары, құқық қорғау органдары мен қоғам өкілдері қатысқан мәжілісте өңір басшысы Президент Жолдауында қойылған міндеттерді уақытылы әрі сапалы орындауға ерекше мән беріп, оларды жүзеге асыру бойынша  нақты тапсырмалар берді. Түркістан облысында Жолдаудан туындайтын міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындау мақсатында өңірлік арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітіледі.

Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу басты бағытылып белгіленіп отыр.   Осы мақсатта «Қазақтелеком» және «Транстелеком» компанияларымен бірлесіп елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамту жұмыстары күшейтілуде.   Әр сала бойынша цифрландыруға арналған нақты іс-шаралар жоспары әзірленеді.  Мектептер мен балабақшаларда қауіпсіздікке бағытталған, жасанды интеллектке негізделген бақылау жүйесі енгізіледі.   IT мамандарын дайындау үшін қыркүйек айының соңында «Woosong Kazakhstan» IT университеті ашылмақ.  Облыс әкімі оқу орнының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану үшін нақты іс-шара жоспарын бекітуді тапсырды.

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында еліміздің экономикалық, әлеуметтік және технологиялық дамуын қамтитын жеті басым бағытты нақты айқындап берді. Жасанды интеллектіні дамытудан бастап, инвестиция тартуға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамудың стратегиялық міндеттері белгіленді.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров ендігі міндет – Жолдаудағы  бағыттар бойынша нақты жобалар әзірлеп, жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін айтып, Президент Жолдауы – әр салаға арналған нақты бағдар екенін жеткізді.

–Бұл – жаңа экономикалық серпіннің негізі. Түркістан облысы Жолдаудағы барлық бағыттарды нақты істермен жүзеге асыруға күш салады, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Аймақ басшысы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында өңірде атқарылып жатқан нақты жұмыстарға тоқталды. Облыста арнайы инвестиция басқармасы құрылып, 2025-2028 жылдар аралығында жалпы құны 2,5 трлн. теңге болатын 111 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар нәтижесінде 24 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп көзделген. Осы жылдың алғашқы 7 айында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 695 млрд. теңгеден асып, жоспар артығымен орындалды. Сонымен қатар, «TURAN» арнайы экономикалық аймағында шетелдік «HANYA» компаниясымен бірлесіп өндірістік парк салу жұмыстары басталған. Облыс әкімі әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияны даму институтына айналдыру бойынша нақты іс-шара жоспарын бекітуді тапсырды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан облысының экономикалық әлеуетін арттыру бағытында нақты міндеттер жүктеді. Ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық беріледі.  Өңдеу өнеркәсібі саласындағы 60,7 млрд теңгенің 18 жобасын жүзеге асыру жұмыстары жанданды. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту көлемін арттыру бойынша тиісті шараларды қабылданады. Өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамыту және агробизнесті қолдауға басымдық берілуде. Су үнемдеу технологиялары 114 мың гектарға енгізілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл көрсеткішті 2030 жылға дейін 216 мың гектарға жеткізу көзделуде. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жерлерін цифрлық форматта әділ үлестіру мәселесі басты назарда. Бұл бастамалар өңірдің экономикалық тұрақтылығы мен аграрлық әлеуетін нығайтып, инвестициялық тартымдылығын арттырады.

Жиын  барысында облыстың көлік-логистикалық әлеуетін арттыру мәселесі де сөз болды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі бойында сервистік инфрақұрылымды дамыту, жол сапасын жақсарту және көлік дәліздерінен қосымша табыс көздерін қалыптастыру тапсырылды. Сонымен қатар «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысын мерзімінде аяқтау – ерекше бақылауда тұр.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысқан жиында энергетика, ауыз су, санитарлық тазалық пен көгалдандыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Энергетика  саласы:

 Облыс тұтынатын электр қуатының 75%-ы сырттан тасымалдануда. Бұл мәселені шешу үшін жалпы қуаты 2,4 ГВт болатын 6 ірі жоба іске асырылуда. Қосымша энергия көздерін тарту міндеті де қойылып отыр. Ауыз су мәселесі де кеңінен талқыланды.

Ауызсу:

Бүгінгі таңда Түркістан облысындағы 801 елді мекеннің 763-і (оның ішінде 7 қала және 756 ауыл) немесе 98,1%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Орталықтандырылған ауыз құбыры тартылмаған 38 елді мекен бар, 192 елді мекенде ауыз су кесте бойынша беріледі. Кейбір елді мекендерде су көздерінің дебеті азайған, су жүйелері тозған. Бұл мәселелерді шешу үшін кешенді шаралар қабылдануда. Президенттің 2025 жылға дейін елді мекендерді 100% ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы – басты міндеттердің бірі.

Тазалық шарасы:

Сонымен қатар санитарлық тазалық пен көгалдандыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Облыс әкімі тазалық мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Turkistan TV» телеарнасы түсірген бейнематериалдар негізінде жауапты тұлғаларға қатысты кадрлық шешімдер қабылданатынын ескертті.

Мәжілісте шағын және орта бизнесті дамыту, цифрлық салық жүйесін енгізу, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларын даму институтына айналдыру сынды бастамалар талқыланды. Адам капиталын дамытуға байланысты жоғары оқу орындары мен колледждерде білікті кадрлар даярлау жұмыстары жүйеленетін болды. Жасанды интеллектке негізделген бағдарламалар мектеп бағдарламасына енгізіледі.

Денсаулық сақтау – басты назарда

Жиында денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер қаралды. Денсаулық сақтау саласында Ордабасы және Сарыағаш аудандарында перинаталдық орталықтар салу үшін жобалық-сметалық құжаттарды жедел әзірлеу тапсырылды. Сонымен қатар, 570 көпбейінді аурухананың құрылысын жандандыру бағытында нақты жұмыстар қолға алынады.

Жиынды қорытындылай келе, Нұралхан Көшеров  Президент Жолдауында қойылған міндеттердің әрқайсысын сапалы әрі тиімді орындау қажет екенін атап өтіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Мемлекет басшысының  бастамасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өткен жылы 13 мектеп пайдалануға берілді. Биыл жыл соңына дейін қосымша 16 мектеп пайдалануға берілмек. Биыл пайдалануға тапсырылатын мектептердің құрылысын мерзімінде аяқтау облыс әкімінің тікелей бақылауында тұр.

Облыс әкімі  Президент Жолдауындағы негізгі бағыттарға арнайы тоқталып, енді осы тапсырмаларды мерзімінде және сапалы орындау үшін арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітуді тапсырды.

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу