ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫН ТҰРАҚТАНДЫРУ ЖӘНЕ ЖЕРГІЛІКТІ ӨНІММЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

0
8
Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және халықты жергілікті өніммен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде қаралып, жауапты басқарма басшыларының баяндамалары тыңдалды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров азық-түлік бағасын тұрақты деңгейде ұстап, тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
📌– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына тұрақты түрде мониторинг жүргізу керек. Бағаны жөнсіз көтеруге жол берілмеуге тиіс. Әлеуметтік дүкендердегі тауар сапасын да қадағалауға алыңыздар. Жұмысты ширатуды тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.
🌾Бүгінде облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 27 түрі өндіріледі. Оның 22 түрі бойынша өңірдің ішкі қажеттілігі толық қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, қызанақпен қамтамасыз ету деңгейі қажеттіліктен 10 есе, бірінші сұрыпты бидай ұны 9,1 есе, қырыққабат 6,4 есе, қияр 5 есе, сүт 4,2 есе, пияз 3,3 есе жоғары. Жыл басынан бері тұрақтандыру қорына 20 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары сатып алынды. Айналым схемасы, форвардтық келісімшарттар және қоймадағы қорларды қоса есептегенде, жалпы 22 мың тонна азық-түлік қоры қалыптастырылған. Бұл қор облыс қажеттілігін 6 айға дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
🏪Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының жыл басынан бергі индексі 101,2 пайызды құрады. Өнімдердің басым бөлігі республикалық орташа бағадан төмен деңгейде сатылуда. Әлеуметтік дүкендерде негізгі азық-түлік тауарлары нарықтағы бағадан орта есеппен 20-30 пайыз төмен ұсынылады. Қазіргі таңда Түркістан, Кентау және Арыс қалаларында 42 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді.
🌾Тұрғындарды қолжетімді азық-түлікпен қамтуда ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің де маңызы зор. Жыл басынан бері Түркістан қаласында 256 жәрмеңке өткізіліп, 12,8 мың тонна өнім нарықтағы бағадан 20-30 пайыз төмен бағада сатылды. Жалпы облыс бойынша 463 жәрмеңке ұйымдастырылды. Сондай-ақ азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында 70 ірі супермаркетпен және 10 тауар өндірушімен меморандум жасалды.
↪️Бағаны тұрақты бақылауда ұстау үшін тұрақты мониторинг жүргізілуде. Жыл басынан бері сауда үстемесін негізсіз арттырудың 93 фактісі анықталып, тиісті әкімшілік шаралар қабылданды.
↪️Өңірде ішкі нарықты жергілікті өніммен қамту көлемін арттыруға бағытталған жаңа жобалар да жүзеге асырылуда. Түлкібас ауданында құны 53,7 млрд теңге болатын ірі құс фабрикасы кезең-кезеңімен іске қосылып, жылына 48 мың тонна құс етін өндіруге мүмкіндік береді. Жоба толық қуатына шыққанда 1200-ден астам жұмыс орны ашылып, облыстың құс етіне деген ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етуге жол ашылады. Бәйдібек және Ордабасы аудандарында жалпы қуаты 30 млн дана жұмыртқа өндіретін екі құс фабрикасын іске қосу жоспарланған.
📌Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жергілікті өндіріс көлемін арттыру және әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу жұмыстары облыс әкімінің тұрақты бақылауында тұр.
Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу