САУРАНДА БАЛМҰЗДАҚ ӨНДІРЕТІН КӘСІПОРЫННЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысының Сауран ауданында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары қарқын алып келеді. Соның бір дәлелі – Иассы ауылдық округіне қарасты Еңбекші Диқан елді мекеніндегі «Дәморда» өндірістік алаңында құны 200 миллион теңгені құрайтын балмұздақ өндіретін кәсіпорынның қазық қағу рәсімінің өтуі.
Салтанатты іс-шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер және тиісті сала басшылары қатысты. Аудан әкімі өз сөзінде өңірде өндірістік жобаларды дамыту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Жаңа кәсіпорын Қазақстан мен Орталық Азиядағы жетекші балмұздақ және мұздатылған өнім өндірушілердің бірі – «Шин-Лайн» компаниясының өндірістік желісін кеңейтуге бағытталған. Компания бүгінгі таңда 160-тан астам түрлі балмұздақ өнімдерін, сондай-ақ сүт өнімдері мен мұздатылған жартылай фабрикаттарды шығарады.
Жобаның іске қосылуы өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің дамуына серпін беріп, отандық өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа өндіріс орнының ашылуы нәтижесінде қосымша жұмыс орындары құрылып, жергілікті халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі артады.
Өндіріс өнімдері тек ішкі нарықпен шектелмей, экспортқа да бағытталмақ. Атап айтқанда, кәсіпорын өнімдері Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Беларусь және Сауд Арабиясын қоса алғанда 10-нан астам елге экспортталады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып, халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.
Соңғы жылдары Түркістан облысында индустриялық-инновациялық даму мен инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өңірде жаңа өндіріс орындарының ашылуы ауылдық аймақтардың дамуына серпін беріп, инфрақұрылымның жаңаруына, шағын және орта бизнестің кеңеюіне ықпал етуде.
Осындай жобалар өңірдің экономикалық құрылымын әртараптандыруға, ауыл халқының табысын арттыруға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға жол ашып отыр. Сауран ауданындағы жаңа өндіріс орны да осы мақсаттарға қызмет ететін маңызды инвестициялық бастамалардың бірі болмақ.






